KazNARU

 ҚазҰАЗУ ЖАС ҒАЛЫМДАРЫНА PhD ДИПЛОМДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

2023 жылғы 13 қазанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ЖОО-ның диссертациялық кеңестерінде өз жұмыстарын сәтті қорғаған 13 PhD докторанттарға «философия докторы» дипломдарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға университет басшылығы, кафедра меңгерушілері, ғылыми кеңесшілер, жас ғалымдар мен олардың ата-аналары, жақындары қатысты.

✅  ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Вице-президенті Ақылбек Күрішбаев өзінің құттықтау сөзінде докторантураны жемісті аяқтаған жас ғалымдарға болашақта табыс тілеп, олардың ғылыми-техникалық бағдарламаларға және халықаралық жобаларға қатыса отырып, Қазақстан ғылымының дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.

✅  «Биыл Қазақ  ұлттық  аграрлық  зерттеу университеті QS WORLD UNIVERSITY әлемдік рейтингісінде Қазақстандық  үздік бес ЖОО-ның қатарына енді. Оған әлемнің 104 елінен 2963 жоғары оқу орны қатысқанын білесіздер. Осы халықаралық рейтингте айқындалған абыройлы орын біздің университетегі жоғары білім беру сапасы мен білікті кадрлар даярлаудың  биік дәрежеде жүргізілетінін тағы да растайды. Докторантура – бұл үш деңгейлі жоғары білім беру жүйесінің үшінші, ең басты деңгейіне саналады және өз саласы бойынша терең білім алған, жан-жақты кемелденген білікті мамандарды тәрбиелеп шығарады. Сіздер осында алған білімідеріңіз бен тәжірибелеріңізді жаһандық бәсекелестік жағдайында еліміздің ғылыми потенциалын дамытуға арнайды деп сенемін!», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅  Диплом алған жас ғалымдардың қатарында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ, Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты, Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы Қостанай филиалы, География және су қауіпсіздігі институты ғылыми қызметкерлері бар. 

✅  Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде докторлық диссертацияларды (PhD) қорғау бойынша 9 диссертациялық Кеңес жұмыс істейді. Біздің университеттің, басқа жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жетекші ғалымдары олардың тұрақты мүшелері болып табылады. Сондай-ақ, әрбір кеңесте жоғары ғылымометриялық көрсеткіштері (Хирш индексі) бар, әлемдік ғылымды танымал етуге елеулі ықпал еткен көрнекті шетелдік ғалымдар уақытша мүше ретінде өз үлестерін қосты.

✅ Біздер «философия докторы» дәрежесін алған жас ғалымдарды шын жүректен құттықтаймыз және алдағы уақытта ғылым көгінде жарқырап көріне берулеріне тілектеспіз!

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник