ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ – КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ РАХЫМЖАН ЕЛЕШЕВТІҢ ТУҒАНЫНА 85 ЖЫЛ
«Бөлмеңе жарық түссін десең, Күннен ізде, санаңа жарық түссін десең, білімнен ізде» дейтін халық нақылы бар. Студенттерге жарты ғасыр ұстаздық етумен қатар, ғұмыр бойы ғылыммен айналысқан ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, отандық агрохимия ілімінің ірі көшбасшысы Елешев Рахымжан Елешұлы биыл тірі болғанда 85 жасқа толар еді.
Өзі жоқ болса да көзіндей болған ғылым жолындағы шәкірттері бар, хатқа түскен мәңгілік сөзі бар ұлағатты ұстаздың құрметіне орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы топырақтану мен агрохимияны дамыту перспективалары» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
✅ Конференция жұмысына ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-ректор Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы, В.В.Докучаев атындағы Топырақтану институтының директоры, Ресей ҒА академигі Иванов Андрей Леонидович, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Елубаев Сағынтай Зекенұлы, Сербия Республикасы Ғылым министрлігі Топырақтану ҒЗ институтының қызметкері, PhD Эльмира Сальникова және басқа да белгілі оқымысты-ғалымдар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, сөз сөйлейді.
✅ «Рахымжан Елешев студенттік күндерінен бастап-ақ ғылым мен білімге деген құштар көңілмен ерекше дараланып, көзге түсті. 1959 жылы Мәскеу қаласында өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысушылардың бірі болды. Жоғары оқу орнынан соң Қазақ ауылшаруашылық институтына ұстаздық қызметке жіберіліп, бір оқу ордасында 60 жылдан астам табан аудармай еңбек етіп, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор міндеттерін абыроймен атқарды. Сонымен қатар Рахымжан Елешұлын институтта әкімшілік жұмыстарды қоса ала жүріп, факультет деканының орынбасары, декан, ғылыми-жұмыстар жөніндегі проректор, бірінші проректор, «Топырақтану-агрохимия» ғылыми-оқу – өндірістік кешенінің жетекшісі сияқты жауапты міндеттерді мінсіз атқарды. Бүгін біз ұстазымыздың адами қасиеттері туралы кеңірек айтудамыз. Ол кісі ерекше сезімтал, табиғаттан творчествалық талант қонған дарынды азамат болатын. Бәріміздің ұстазымыз, көрнекті ғылым қайраткері Рахымжан Елешұлының өмірбаяны ғылым жолын қуған кейінгі жастарға үлкен мектеп, үлгі-өнеге», - дейді белсенді шәкірттерінің бірі Ақылбек Қажығұлұлы.
✅ Сөз сөйлеуші әріптестері, шәкірттері Рахымжан Елешұлы басқарған кезеңде Агрохимия топырақтану факультеті 13 жыл бойы ауылшаруашылық институтында 1-ші орыннан түспей келгенін атап өтті.
Р.Е.Елешевтің жетекшілігімен 43 ғылым кандидаттары, 18 ғылым докторы, 5 PhD даярланды. Олардың ішінде академиктер: Иванов Андрей Леонидович (РҒА академигі), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы, ғылыми-зерттеу институттардың директорлары, академиктер: Сапаров Абдулла Сапарұлы (марқұм), Үмбетаев Ибадулла Изатуллаұлы (марқұм), Елубаев Сағынтай Зекенұлы, Айтбаев Теміржан Ерқасұлы және басқа көптеген шәкірттері жоғары оқу орындарында, Парламентте, мемлекеттік органдарда абыройлы қызмет атқарып жүр. Яғни, Рахымжан Елешұлы елімізде агрохимия ғылыми мектебінің нағыз көшбасшысына айналды.
✅ Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде 12 монография, 450-ден астам ғылыми мақалалары жариялап, 20-дан астам оқулықтар мен оқу құралдарын жазған академиктің еңбектері Қазақстанның және ТМД елдерінің аграрлық университеттерінде пайдаланылып жүр.
«Рахымжан Елешұлының алғашқы ғылыми жұмыстары қант қызылшасына фосфор тыңайтқыштарының қолдану технологиясын зерттеуге бағытталды. Олардың нәтижелері 1968 жылы «Жамбыл аммофосының агрохимиясы және оның басқа фосфаттармен салыстырмалы тиімділігі» тақырыбына қорғалған кандидаттық диссертациясына арқау болды. 1984 жылы К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясында докторлық жұмысын қорғаған Рахымжан Елешұлы Қазақстанның агрохимия саласының негізін қалаушы деп айтуға толықтай негіз бар», - деді Мәскеуден арнайы келген тағы бір шәкірті, академик Андрей Иванов.
✅ Бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылымдар академиясының (ВАСХНИЛ) толық мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының академигі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» «Құрмет» ордені, «Парасат» ордені, 3 дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Рахымжан Елешұлының отандық ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі көзінің тірісінде-ақ өз бағасын алды.
✅ Ал, бүгін академиктің тұрған үйіне Алматы қаласы әкімінің шешімімен Мемориалдық тақта орнатылды. Сондай-ақ, өзі туып-өскен Қаратөбе ауданы мен Батыс Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атанып, кіндік қаны тамған ауылдың бір көшесі академиктің атымен аталады.
Соңында іздеушісі, өрелі істерін жалғастырар ұлағатты шәкірттері, мағыналы ғұмырын жалғастырар ұл-қыздары мен немерелері бар Рахымжан Елешұлының жарқын бейнесі мәңгілік есте сақталады, оның есімі жарық жұлдыздай жарқырай бермек.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі