АЛМАТЫДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАС ҒАЛЫМДАР ФОРУМЫНЫҢ ЕКІНШІ КҮНІНДЕ ЖҮЛДЕГЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ
2023 жылғы 27 қазанда Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында өтіп жатқан «Жас ғалымдардың диалогы: Science Talks» III форум жұмысының екінші күнінде 50-ге жуық инновациялық «Жас ғалымдар мен жас зерттеушілердің ғылыми жетістіктері» көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Қазақстанның әр өңірінен келген жас ғалымдардың инновациялық ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен әзірлемелері қойылды.
✅ Бұл Форумның тың жаңалығы – жас ғалымдармен қатар, ғылымға жаңадан бет бұрған мектеп оқушылары да қатысып, баяндамалар жасап, көрмеге өз жұмыстарын ұсынды.
Сараптамалық қорытынды жұмыстар аясында халықаралық және отандық жас ғалымдар бірлесіп, коллабарация жасауға келісімге келді.
✅ Сондай-ақ, халықаралық қауымдастыққа кеңінен танымал жетекші жас ғалымдар – Қытай ауылшаруашылық университетінің профессоры, PhD Вэньфэн Лю (ҚХР h-index 26), Беларусь Ұлттық ғылым академиясының химия және жер туралы ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы, физика-математика ғылымыныың докторы Алексей Труханов (Беларусь h-index 73) және Кендрик Уайт (Kendrick Dawis White, АҚШ) әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеу нәтижелерімен таныстырып, ғылымды коммерцияландыру, нарық сұранысына сай дамыту және жоғары рейтингті журналдарда ғылыми мақалалар жариялау тәжірибесімен бөлісті.
✅ Қазақстан мен Орталық Азиядағы Clarivate Analytics халықаралық компаниясының ресми өкілі Ләззат Мұқашева WOS базасында индекстелетін рецензияланатын журналдарда мақаланы жариялау бойынша семинар-мастер класс өткізді. Ол өз компаниясының ғылымның ең ірі іздеу желісінде жарық көрген конференция материалдарын, монографиялар мен патенттердің мазмұнын қоса алғанда, жарияланған ғылыми зерттеулердің рефераттық базаларын біріктіретінін жеткізді. Жүйе пайдаланушылары ең беделді мерзімді және басқа да әлемдік басылымдар шығарған әлемдік ғылым мен технологияның ең маңызды жетістіктерімен таныса алады.
✅ «Технологияларды коммерцияландыру бойынша грантқа сәтті өтінімдерді қалай дайындау керек» тақырыбында «Ғылым қоры» АҚ Инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің басшысы Құрманғазы Омаров ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыру лайфхактарымен бөлісті. Ол елі¬міздің алдында тұрған міндеттің бірі – технологияларды тұтынушы емес, өндіруші елге айналу екенін атап өтті. Сондықан, ғылыми әзірлемелер инвестициялық тартым¬дылығымен қатар, әлеуметтік сипаты жа¬ғынан да ерекше¬ленеді және әлемдік нарықта бәсекелестікке қол жеткізу үшін отандық кәсіпкерлердің ғы¬лымға бетбұрыс жасауы аса маңызды.
✅ Форумға АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Польша, Малайзия, ҚХР, Түркия, Гонконг, Австралия, Греция, Пәкістан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан елдерінен 500-ден астам жас ғалым мен зерттеушілер қатысқан онлайн/офлайн форматта өткен 7 секция жұмыстарының жеңімпаздары I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Пленарлық мәжілісте баяндама жасаған және шеберлік дәрістер өткізген шетелдік және отандық беделді ғалымдар ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президентінің Алғыс хатымен марапатталып, Академия тарапынан брендтік естелік сыйлықтарға ие болды.
✅ «Жас ғалымдардың диалогы: Science Talks» III халықаралық форумының жабылу салтанатында ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры Ақылбек Күрішбаев барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, болашақтарынан зор үміт күтетінін жеткізді.
«Өмірдегі барлық игіліктерге тек білім мен ғылымның арқасында ғана қол жеткізе аламыз. Бұл ақиқат! Қазіргі озық технология дәуірінде инновациялық жаңалықтармен ғана ілгері дами аламыз. Оны дамытатын мына сіздер – жас ғалымдар. Бұл мақсат қиын болып көрінгенімен, оған ғылыми әлеуеті жоғары өздеріңіз сияқты талантты жастармен бірлесе қол жеткізетінімізге сенемін. Алдағы уақытта да ғылым жолындағы ізденістеріңізге сәттілік тілеймін!» - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі