ҚазҰАЗУ мен AGROPARISTECH (ФРАНЦИЯ) УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАЛҒАСА БЕРМЕК
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2023 жылдың 23 - 28 қазан аралығында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде табысты кездесулер, лекция, семинарлар ұйымдастырған профессор Бруно Ансельме бастаған AgroParisTech университетінің делегациясы өз жұмысын аяқтады.
Іссапар барысында делегация басшысы мен математика және компьютерлік технология профессоры Франсис Дорра, химия және физика профессоры Газел Муриел ханым ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті Ақылбек Күрішбаевпен кездесіп, университеттің инфрақұрылымымен танысты.
Франциядағы мемлекеттік және жоғары деңгейлі озық университеттің алдыңғы қатарындағы AgroParisTech университетінің профессорлары өздерінің іскерлі тәжірибелеріне сүйене отырып, ҚазҰАЗУ оқытушылары мен студенттері үшін арнайы шеберлік дәрістерін өткізді.
Апталық кездесу аясында ауыл шаруашылығына қажетті пәндерді оқыту процесін талдау, мал шаруашылығы мен агрономияның басым бағыттарын айқындау, орман шаруашылығын жаңғырту, биоэкономиканы дамыту, тамақ өндірісі мен инновациялық әдістерді қолдану т.б. салалар қамтылды. Оған қоса көп деңгейлі модульдік жүйе мен академиялық бағдарламалардың жаңа құрылымын ескере отырып, одан әрі жұмыстың егжей-тегжейлі жоспарын талдау және іргелі пәндер курстарының алдын ала бағытын әзірлеу сияқты маңызды тақырыптар да кафедра меңгерушілері және профессор-оқытушылар құрамымен бірлесе талқыланды.
Делегация мүшелері университеттің STEM оқу пәндері бойынша ПОҚ дәрістеріне қатысып, Өсімдіктердің микрокланалды көбею зертханасында, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ базасында болып, инновациялық технологиялар жетістігіне жоғары баға берді.
Жұмыс нәтижелері бойынша Франция және ҚазҰАЗУ профессорлары 1 және 2 курс бакалавриатындағы пәнаралық тәсілді ескере отырып, силлабустардың мазмұнын жаңарту, сағат көлемін ұлғайту тұрғысынан математика, физика, химия, биология, компьютерлік технологиялар сияқты іргелі пәндер бойынша қолданыстағы білім беру бағдарламаларын (STEM) жаңғырту туралы ортақ келісім қабылдады. Бұл ретте негізгі назар – білім берудің әдістемесі мен пәндік мазмұнын өзгерту мақсатын көздей отырып, жоғарыда аталған пәндерді оқыту барысында оқытушылардың біліктілігін арттыруға бағытталды.
Осыған орай, ҚазҰАЗУ-дың Ситуциялық орталығында өткен қорытынды жиында делегация басшысы, профессор Бруно Ансельме, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, профессор Пірімқұл Ибрагимов, Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары, профессор Айнұр Қайырбаева және кафедра меңгерушілері, ПОҚ қатысуымен алдағы уақытта оқу процесін жаңғырту бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған жаңа жұмыс жоспарын бірлесе әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Бұл жасалған игілікті қадамдар екіжақты ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастықты нығайтып, агроөнеркәсіптегі үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және олардың нәтижелерін болашақта тәжірибеге енгізуге зор мүмкіндік береріне сенім мол.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі