KazNARU

ҒАЛАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ – ҒЫЛЫМ, ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТАТЫН - ҒАЛЫМ

 

Бүкіл адамзат мойындаған, шығыстың ғұлама ойшылы әл-Фарабидің «Ғылымы күшті елдің елдің болашағы кемел» деген қанатты сөзі мыңдаған жыл бұрын айтылса да, өзектілігі әр ғасырда жойылған емес.

Қазіргі жаһандану заманында ғылымның дамуы – әр мемлекеттің рухани және экономикалық күш-қуатының еселенуін қамтамасыз ететін маңызды фактор. Ғылым – білімнің жоғарғы сатысы. Бұлар бір-бірімен астасып, тұтасып жатқан бірегей сала.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде білім мен ғылымды дамытып, білікті кадрлар даярлау ісіне өзіндік үлесін қосып жүрген озық ойлы, халықаралық ғылыми ортада танылған ғалымдар шоғыры аз емес.

✅ Қиындығы мен қызығы мол ғылым жолында аянбай еңбек етіп жүрген ғылым сардарының бірі – ҚазҰАЗУ «Ветеринария» факультетінің оқытушысы, профессор, ветеринария ғылымының докторы Қасымов Еркін Игенбайұлы. Бүгінде 70 жастың белесіне көтерілген ол 1990 жылдан бері үзіліссіз абыройлы еңбек етіп келеді. Алдымен ассистент, сонан кейін доцент, профессор лауазымында «Індеттану және инфекциялық аурулар», 2015 жылдан «Epidemiology and infectious diseases», «Principals of veterinary epidemiology and biostatistics in transboundary infections», «Zoonotic infections» пәндерін бакалавриат, магистрант, PhD білім алушыларға ағылшын тілінде дәріс беруде.

Ғалымды туған күніне орай әріптестері ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті Ақылбек Күрішбаевтың атынан құттықтап, Алғыс хат пен «Аграрлық білімге,ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін», «Университет мақтанышы» төс белгілерін тапысырып, иығына шапан жапты. Құттықтау рәсіміне университет Кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Жұматаев, «Ветеринария» факультетінің деканы Гүлмира Алпысбаева және кафедра меңгерушісі мен қызметкерлері қатысты.

✅ Аға буын ғалымдардың ғылым жолында қалыптастырған үздік дәстүрлерін берік сақтау, жалғастыру, олардың еңбегін сыйлау, дәріптеу – парасаттылықтың белгісі. Қара шаңырақтың өсіп-өркендеуіне және халықаралық көлемде дәрежесінің көтерілуіне зор еңбек сіңірген Еркін Қасымов Семей зооветеринария институтын 1980 жылы үздiк дипломмен бiтiріп, 1980-1987 жылдары Мақаншы аудандық ет-сүт және тамақ өнімдерін бақылау станциясының меңгерушісі, аудандық Ветеринария лабораториясында бөлім менгерушісі, директоры қызметтерін атқарды.

1999 жылы Алматы Зооветеринария институтының аспирантурасын және 1997 жылы ҚР АШМ-нің мақсатты бағыттағы арнайы жолдамасымен Түркияда PhD докторантура бітірді. 1990 жылы «Изготовление и применение сухой конглютинирующей сыворотки для РСКК» тақырыбында кандидаттық, 2003 жылы «Сиыр бруцеллезімен күрес шараларын жетілдіру» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Ғылымда шекара жоқ екені белгілі. Қазіргі таңда Еркін Қасымовтың 100-ден астам ғылыми мақалалары елімізде, алыс-жақын шетелдерде қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жарық көрді. Кредиттік технология оқу жүйесіне бейімделген оқулықтары, оқу құралдары Қазақстан мен ТМД елдерінің ауылшаруашылық жоғары оқу орындарында «ветеринария» мамандықтары бойынша оқытылып келеді.

Ғылыми ізденістері негізінде әзірленген: құрғақ конглютиндеуші қан сарысуы» (Сайдулдин реакцияларына арналған) Қазақстан, Рессей, Белоруссия, Әзірбайжан мемлекеттерінің ветлабораторияларында, «Pendik» ғылыми зерттеу институтының бруцеллез бойынша БҰҰ ІҚБ Референт лабораториясында (Стамбұл/Туркия) кең сыналып, практикаға қолданысқа енгізілді. Бірнеше ғылыми еңбектері Web of Science и Scopus базаларында тіркелген. БҰҰ ХІБ-ның «Twinning» ветеринария білімі бойынша эксперті атанды. Ұстаз-ғалым ретінде Еркін Игенбайұлының өзіндік ғылыми мектебі қалыптастырып, өз жетекшілігімен 1 ғылым кандидатын, 12 ғылым магистрін дайындады.

Еркін Қасымов ҚР Білім және Ғылым министрлігі тағайындаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2007), Абай облысы Үржар ауданының құрметті азаматы атанып, Әсет Наймабаевтың 150 жылдығы төс белгісімен марапатталды. Күні кеше 70-жылдығына орай, Үржар ауданының «Ерен еңбегі үшін» төс белгісі қоса тапсырылды.

✅ Ғибратты өмір жолы кейінгі жастарға үлкен үлгі-өнеге болған, әріптестерінің шынайы құрметіне бөленген ғалымға ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, отбасылық бақ-береке, қызметінде жаңа белестер тілейміз!

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник