KazNARU

ҚазҰАЗУ ПРОФЕССОРЫ ӘБДІРАХМАН ОМБАЕВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ АТАНДЫ

Өткен аптада Республика күніне орай, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Зооинженерия» кафедрасының профессоры, «Мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің сапасын басқару» халықаралық зерттеу орталығының жетекшісі Омбаев Әбдрахман Молданазарұлына Түркістан облысының Құрметті азаматы атағы салтанатты түрде табысталды.

✅ Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен облыстық мәслихат хатшылығы ҚазҰАЗУ басшылығы тарапынан болған ұсынысты қолдай отырып, ел экономикасы мен ауыл шаруашылығын, ғылымды дамытуға зор үлес қосқан Әбдірахман Молданазарұлының осы құрметті атаққа лайықты тұлға екенін атап өтті.

✅ Әбдірахман Омбаев еңбек жолын 1971 жылы Шымкент қаласында орналасқан Қазақ қаракөл шаруашылығы ҒЗИ-да лаборанттықтан бастап, Бүкілодақтық мал шаруашылығы ҒЗИ бөлім меңгерушісі, Қазақ қаракөл шаруашылығы ҒЗИ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директоры, Созақ ауданының әкімі, Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ҒӨО директоры, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ бас директоры, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ бас директоры, ҚазҰАЗУ ректорының кеңесшісі, Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.

Лауазымдық қызметтермен қатар ғылыммен де терең айналысып, ақ түсті қаракөлше елтірісін алу, ет бағытындағы жоғары өнімді түйелерді сұрыптау, Құмкент көк және сұр түсті қаракөл қойының зауыттық сүлесін, Ордабасы елтірі-етті-майлы қой тұқымының сүлесін жасап, т.б. көптеген ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізді.

Осы бағытта 510 ғылыми еңбектің, 4 монографияның, 7 оқулық пен оқу құралдарының және 7 кітаптың авторы атанды. Оның жетекшілігімен 9 докторлық және 28 кандидаттық диссертация қорғалды. Өнертабыста 67 авторлық куәліктерімен патенттер иегері ретінде әріптестерінің алдында зор беделге ие болды.

✅ 2020 жылдан бастап ҚазҰАЗУ құрамындағы «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру сапасын басқару» халықаралық зерттеу орталығының басшысы ретінде ғылымды дамыту және білікті кадрлар даярлау ісіне елеулі үлес қосып келеді.

✅ Ол ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ғылым техника және білім саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, Ресей Ғылым академиясының шетелдік мүшесі, Моңғол Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, Моңғолияның Ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы атанып, «Құрмет» ордені, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағымен мараптатталды. Енді міне, ғалымның ғұмырбаяны жаңа марапатпен толықты.

✅ Ардақты әріптесіміз, белгілі ұстаз, қоғам және ғылым қайраткері, профессор Омбаев Әбдірахман Молданазарұлын Түркістан облысының құрметті азаматы атағының иегері болуымен құттықтаймыз!

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник