KazNARU

АЛМАТЫ АСПАНЫНДА «АЛТЫН ДӘН» АНСАМБЛІНІҢ ҮНІ ҚАЙТАДАН ШАРЫҚТАДЫ

2023 жылдың 9-10 қарашасы күндері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Алтын дән» вокалды-аспаптық ансамблі Сәтбаев Университетінде өткен «Жастықтың алауындай, жүректің қалауындай «Дос-Мұқасан» атты дәстүрлі фестивальге қатысып, ән сүйер қауымды өз өнерімен сусындатты.

✅ Кезінде республикаға, бұрынғы Кеңестер Одағына аты әйгілі болған «Алтын дән» вокальді-аспаптық ансамблі соңғы 20 жылда өнер өлкесінде көрінбей кеткен болатын.

Университет басшылығының қолдауымен соңғы бір жыл ішінде «Алтын дән» ансамблі қайта жаңғырып, жаңа құраммен мерейлі мерекелік іс-шараларға, қалалық, республикалық концерттік бағдарламаларға белсенді қатысып жүр.

Жаңғырған шығармашылыық өнер ұйымының алға қойған мақсаты – өзіміздің туған университетімізде оқып-білім алып жүрген студент жастарды өнерге баулумен қатар, қастерлі оқу ордамызда 1972 жылы уық тіккен «Алтын дәннің» байырғы абырой-даңқын қайтару.

✅ "Кезінде құрамында Нағима Есқалиева, Айжан Тәженова сияқты көптеген танымал әншілері бар ансамбль Еуропаның бірнеше елдерінде табысты өнер көрсетіп, 1973 жылы Ташкент қаласында өткен «Алло, біз таланттарды іздейміз!» Бүкілодақтық байқауының жеңімпазы, Орта Азия және Қазақстан ауылшаруашылығы институттары арасындағы аймақтық байқаулардың жеңімпазы атанғанын білесіздер. Осы шығармашылық ұжымды басқарған атақты композитор Тілес Қажығалиевтің дәстүрін қазіргі көркемдік жетекшісі Эльдар Оңғарбаев жалғастырады деп сенеміз», - дейді ҚазҰАЗУ Жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі Әшірәлі Сманов.

✅ Қазақстандағы эстрада жанрының алғашқы қарлығашы атанған «Дос-Мұқасан» ансамблінің музыкалық мұраларын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатын көздеген бұл фестивальде Астана, Семей, Батыс Қазақстан облыстарынан келген қатысушылармен бірге Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, AlmaU, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы, Алматы энергетика және байланыс университеті, Сатпаев Университетінің өнерпаздары бақ сынасты.

Музыка мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарының өнерпаздарымен бірге терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп, көрерменді сүйсіндіріп, қол соқтырған «Алтын дән» вокальды-аспаптық ансамблі арнайы Алғыс хатпен марапатталды!

✅ Республикалық фестиваль мен өзге де шығармашылық байқауларда қайтадан жұлдызы жана бастаған «Алтын дән» вокалды-аспаптық ансамблінің мүшелеріне алдағы уақытта да шалқар шабыт, шығармашылық биіктіктер тілейміз!

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник