KazNARU

ҚазҰАЗУ СТУДЕНТТЕРІ ТЕОРИЯЛЫҚ САБАҚТАР, ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ЖӘНЕ ПРАКТИКАНЫ ҚОСА МЕҢГЕРУДЕ

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің құрамына алты ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылық берілген болатын.

✅ Соның бірі – «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС. Бұл ҒЗИ бау-бақша өсіру индустриясын дамытудың маңызды міндеттері мен жобаларын шешуге бағытталған селекция, питомник шаруашылығы, агротехнология, биотехнология, фитопатология және энтомология саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін көп салалы ғылыми мекеме. Құрамында Жеміс, жидек дақылдары мен жүзім селекциясы, Агротехнология және және жеміс, жидек дақылдарының көшеттік шаруашылығы бөлімі, Бау бақ дақылдарының биотехнология зертханасы, Сертификаттау және инспекция жүйесін әзірлеу жөніндегі бөлімі, Бау бақ дақылдарының тектік қоры зертханасы, Өсімдіктерді қорғау бөлімдері бар.

✅ ҚазҰАЗУ құрамында әріптестік қызмет жасау, бұл қазіргі заманғы интеграцияланған жүйе «ғылым – білім – өндірісті» қолданысқа енгізген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесінен туындаған нақты қадамның бірі. Оның артықшылығы көп, ең алдымен, студенттер университетте теориялық білім алып, ҒЗИ базасында заманауи зертханаларда, егіс алқаптарында практикалық тәжірибе жинақтайды.

Осы жүйенің аясында 2023 жылдың 23 қазаны – 18 қараша аралығында Агробиология факультетінің 6В08103 - «Жеміс-көкөніс шаруашылығы» БББ бойынша білім алатын 4 курс студенттері Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында дуалды практикадан өтуде. Дуалды практиканың міндеті – өндірісте жұмыс істеу дағдысы қалыптасқан түлектерді дайындау, яғни теориялық сабақтар мен қатар өндірістік оқыту және практиканы ұштастыру.

Практика өтуден бұрын дуалды оқыту бойынша ҚазҰАЗУ, ҒЗИ және білім алушы арасында үшжақты келісім-шарт жасалды. Практика өтетін кәсіпорында студенттер қауіпсіздік техникасы және өрт қауіпсіздігі инструкциясымен танысты.

✅ Агробиология факультетінің деканы, PhD, қауымдастырылған профессор Ержан Абилдаевтың айтуы бойынша, практикалық дәрістер барысында болашақ жас мамандар кәсіби біліктіліктерін шыңдап, білім, ғылым, өндірістің өзара байланысын, бір-біріне тікелей әсерін өз көздерімен көріп, көңілмен түйсініп, нақты дағдыларды меңгереді.

«Мысалы, институттың «Бау-бақ дақылдарының биотехнология» зертханасының меңгерушісі Долгих Светлана Георгиевна, «Агротехнология және және жеміс, жидек дақылдарының көшеттік шаруашылығы бөлімі» маманы Ормахаев Азамат сияқты көптеген білікті қызметкерлер кәсіби практика бағдарламасына сәйкес технологиялық, зертханалық және тағы басқа тәжірибелік жұмыстарды студенттермен бірге жүргізуде. Практика өту барысында студенттер күнделік-есептерін толтырып, атқарған жұмыстары туралы нақты ақпаратты жазып отырады. Мұның бәрі білім алушылар үшін пайдасы өте зор», - дейді декан Ержан Советбекұлы.

✅ Практика барысында студенттер жеміс-жидек дақылдары, бақ шаруашылығы, көшеттік шаруашылық, бақша шаруашылығы бағыттарында өткізілген семинарларға қатысып, жеміс дақылдарының көшеттерін қысқы телу тәсілімен көбейту әдістерін орындады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник