KazNARU

ҚазҰАЗУ БАСШЫЛЫҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

17 қараша - Халықаралық студенттер күніне орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Акт залында оқу ордасының басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастардың қатысуымен патриоттық рухтағы «Студенттік қызық мол жылдар» атты үлкен мерекелік салтанатты іс-шара болып өтті.

✅ Жалпы, күнтізбеде белгіленген осы бір мерекенің шығу тарихын көпшілік біле бермейді. Бұл даталы күн – Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде өздерінің бостандығы мен азаттық үшін алысқан Чехословакия студентттерінің бас көтеруінен бастау алады. Өкінішке орай, 1939 жылғы 17 қарашада гестапошылар қаладағы студенттік жатақханаларды қоршауға алып, жалынды белсенді жастарды ұстап, Заксенхаузендегі концлагерьлерге қамайды. Фашистердің бұйрығымен Чехиядағы барлық жоғары оқу орындары соғыс аяқталғанға дейін жабық тұрады.

Міне, осы тарихи оқиғаға байланысты, 1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен Бүкіләлемдік студенттер Конгресінде чехиялық студент-патриоттардың құрметіне Халықаралық студенттер күні белгіленді. Содан бері әлемнің барлық елінде бұл күн кең көлемде атап өтіліп келеді.

✅ ҚазҰАЗУ басшылығы атынан құттықтау сөз сөйлеген Басқарма Төрағасы – Ректордың міндетін атқарушы, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов бүгінгі студенттердің мемлекет қамқорлығындағы өте бақытты жандар екенін, жалындаған жастық шағын тек оқуға арнайтынын, сәні мен салтанаты, мәні мен мағынасы мол студенттік өмірді бағалай білуі қажет екендіктерін атап өтті.

«Студенттер – елдің ертеңгі болашағы. Қоғамның дамуы мен мемлекеттің күш-қуатының артуына алдағы уақытта барынша үлес қосатын, өркендететін және бәсекеге қабілетті білікті мамандар сіздерсіздер. Университет басшылығы өз тарапынан студенттердің алаңсыз білім алып, жақсы оқуы үшін барлық әлеуметтік жағдайды жасап отыр. Кең де, жарық аудиториялар жаңғыртылды, интерактивті тақталармен, қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жатақханалардағы орындар жеткілікті, кітапханамыз қайтадан жөнделіп, кітап қоры толықтырылды. Сіздердің тек жан-жақты, терең білім алып, университетіміздің абыройын асқақата берулеріңізге тілектеспіз!», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Кеш барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Құттықтау хаты оқылды. «Құрметті жас достар және білім алушылар! Тәуелсіз Қазақстан сіздердей өскелең ұрпақты мақтан тұтары сөзсіз. Елімізде және алыс-жақын шетелдерде білім алып жатқан жас достарымыз елімізді көркейтіп, ұлтқа адал қызмет етеді деген сенімдемін... Биіктерде қырандай қалқып, алып асуларды еркін бағындырыңыздар. Армандарыңыз асқақ, мәртебелеріңіз биік болсын, достар! Студенттер күні құтты болсын!» деген министр өз құттықтауында.

✅ Мерекелік іс-шара барысында белсенді студенттерді марапатталып, университет тарихынан викториналық ойындар ұйымдастырылып, көркемөнерпаздардың күшімен концерт қойылды. Күмбірлеген домбырадан күй төгіліп, гитармен жастық шақтың әндері айтылып, жүрек тербер сыршыл жырлар оқылды.

ҚазҰАЗУ «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің студенттік деканы, 3 курс студенті Аяулым Айтмаханбет, №5 «Жалын» студенттік жатақханасының студенттік кеңес төрайымы, 3 курс студенті Лоида Бәймен, «Инженерлік-техникалық» факультетінің студенттік деканы, 2 курс студенті Данияр Оңғарбай аграрлық білімнің көшбасшысы, заманауи жоғары оқу орнында оқитындарын мақтан тұтатындарын жеткізді.

Білім алушыларға тамаша да, шынайы көңіл-күй сыйлап, қызықты іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен университет басшылығына Студенттік белсенді жетекші, 4 курс студенті Назерке Күзен студент жастардың атынан өз ризашылықтарын білдірді.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник