KazNARU

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІДЕГІ ҒЫЛЫМ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ ЛОКОМОТИВІ

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Ғылым департаментінің ұйымдастыруымен «Аграрлық ғылым – ауыл шаруашылығы саласы үшін» атты онлайн/офлайн форматта дөңгелек үстел болып өтті.

Маңызды іс-шараға ҚазҰАЗУ басшылығы, сарапшы ғалымдар мен салалық ҒЗИ жетекшілері, мемлекеттік органдардың өкілдері, агрокешен саласын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген академиктер мен профессорлар қатысты.

✅ Дөңгелек үстелдің модераторы, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ,д., профессор Пірімқұл Ибрагимов өз сөзінде еліміздегі АӨК дамуына серпін беретін, әрі дамытатын аграрлық ғылымның қуатын арттыруға бағытталған стратегиялық маңызды мәселелердің қолға алынып жатқанын атап өтті. Қазақстанның ауыл шаруашылығы жағдайының бүгінгі таңдағы жағдайынан статистикалық мәліметтер келтіре отырып, алдағы уақытта атқарылар перспективалық міндеттерге тоқталды. Сонымен қатар, шетелдік серіктестермен орнатылған ғылыми-стратегиялық байланыстың аграрлық ғылымды дамытудағы атқаратын рөлі жайында баяндап, заманауи цифрлық технологияларды дамыту жөнінде сөз қозғады.

«Ел мен жердің тамырына нәр беретін, сан-салалы агроөнеркәсіптік кешен бүгінде тұтас экономикамыздың дамуының басты драйверіне айналды. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасының артуына өз күш-жігерін арнап келе жатқан, ел игілігін еселеуге үлес қосып жүрген аграршы ғалымдардың орны бөлек. Біз ауыл шаруашылығының жетекші университеті ретінде өз тарапымыздан жаңа форматтағы білікті мамандар даярлауға, әлемдік алдыңғы қатарлы инновацияларға негізделген ғылыми жаңалықтарды отандық аграрлық өндіріске енгізуге бар күш-қуатымызды арнаймыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Бұдан кейін ҚазҰАЗУ Ғылым жөніндегі проректор Раушан Рамазанова, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы» ҒЗИ-дан а.ш.ғ.к, доцент Сауле Қазыбаева, «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері» ҒЗИ-дан т.ғ.д, профессор, ҰҒА академигі Уришбай Чоманов, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ҒЗИ-дан а.ш.ғ.д. профессор Ғалиолла Мейрманов, «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ҒЗИ-дан а.ш.ғ.д. профессор, Қадырбай Тажиев т.б. белгілі оқымысты ғалымдар өз салалары бойынша қордаланған мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешудің жолдары туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Оның ішінде, Қазақстандағы жеміс-көкөніс шаруашылығы, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі, мал шаруашылығы, жемшөп өндірісі салалары, жер, су, орман ресурстары, топырақ және агрохимия саласы, ветеринарлық ғылымдар, суармалы жер мәселелері жөнінде өзекті тақырыптар көтеріліп, қызу талқыланды.

Сондай-ақ селекция, астықтың тұқым шаруашылығы және т.б. бойынша ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қаржыландыру, астық нарығында толық автоматтандырылған мемлекеттік есепті енгізу, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі энергияны үнемдеу сияқты түрлі көкейкесті сұрақтар да қозғалды.

✅ Дөңгелек үстелге қатысушы ғалым-мамандар бір ауыздан Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуы үшін бір мақсатқа бағытталған мемлекеттік реттеудің тиімді жүйесін қалыптастыру – бүгінгі таңдағы маңызды қадам екендігі туралы қорытындыға келді. Және осында қабылданған нақты ұсыныстарды жоғардағы тиісті басқару органдарына жолдау туралы шешім қабылданды.

✅ Жиын соңында ҚазҰАЗУ басшылығы атынан П.Ш.Ибрагимов агросаладағы ардақты ардагерлер мен еңбегімен үздік нәтиже көрсеткен әріптестерімізді Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен марапаттап, барша ұжымды Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник