ҚазҰАЗУ БАСШЫЛЫҒЫ ҚХР ШИХЭЦЗИ ҚАЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
2023 жылдың 20 қарашасында ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректордың инфрақұрылымдарды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиев Шихэцзи қаласы ҚКП хатшысының орынбасары және сегізінші дивизия командирінің орынбасары Ли Гуанг бастаған делегациямен кездесті.
Делегация қрамында Қытай тарапынан Чжан Цзяньпин, ҚКП басқарушы партиясы тобының мүшесі, Шихэцзи коммерциялық басқармасының сегізінші бөлімі директорының орынбасары, Чжан Сюэцзинь, Шихэцзы экономикалық және технологиялық даму аймағының Экономикалық даму орталығының директоры, Чжай Юнтун, сегізінші бөлімнің Шихэцзы қалалық ауыл шаруашылығы және ауылдық әкімшілігінің пестицидтерді отырғызу және пайдалану бөлімінің директоры, Хан Ген, Xinjiang tianye (Group) компаниясының Ауыл шаруашылығы директоры және бірнеше суды үнемдеу саласындағы компаниялар өкілдері болды.
Сондай-ақ кездесуге ҚазҰАЗУ Қазақ-Қытай ғылыми-зерттеу орталығының директры Думан Иманмади, «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының меңгерушісі Ермеккүл Жапарқұлова және бір топ ғалымдар мен мамандар қатысты.
Екіжақты кездесу барысында тараптар ҚазҰАЗУ базасында «Су үнемдеудегі Демонстрациялық технопаркі» цифрландыру орталығын құру туралы мәселені талқылады. Бұл тұрғыда Xinjiang Tianye (Group) компаниясының суды пайдалануда енгізген жаңа технологияларын пайдалану және тиісті мамандардың қолдауы өте қажет екендігі айтылды.
«Осы Демонстрациялық технопаркі арқылы біздер Қытай елінің су үнемдеудегі инновациялық озық жетістіктерін жан-жақты таныту, Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Университет өз тарапынан технопарк үшін қажетті жер телімін беруге әзір. Бұл игілікті де, үлкен мақсатты жүзеге асыруға қытайлық ғылым-білім мекемелері, су үнемдеу құрылғыларын жасайтын Xinjiang Tianye сияқты ірі компаниялар белсене атсалысады деп сенеміз», - деді Қуат Елеусізұлы.
Қытай делегациясының басшысы Ли Гуанг ҚазҰАЗУ мен Шихэцзи қаласының ауыл шаруашылығы, оның ішінде су шаруашылығы мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, өзіндік ерекшелігі бар Қазақстан аумағына сай келетін су үнемдеу құрылғыларын орнату жобасын жасауға мүделлі екендіктерін білдірді.
Кездесу соңында Қуат Сұлтанғазиев университет басшылығы атынан өзара серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға ниет білдіргені үшін Шихэцзы қаласынан келген әріптестерге алғыс білдіріп, бұл бағытта жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға әзір екендіктеріне сендірді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі