KazNARU

МАМАНДЫҚТЫ ДҰРЫС ТАҢДАУ – БОЛАШАҒЫҢДЫ ДҰРЫС АЙҚЫНДАУ

Жас ұрпақ өмірінде мамандық таңдаудың маңызы зор, алдағы өмір жолындағы болашағын айқындайтын аса жауапты қадам. Оларды заманауи университетте білім алуға бағыттау – мектеп пен ЖОО-ның ортақ парызы екені белгілі.

Осы мақсатта 2023 жылдың 21 қарашасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Талдықорған қаласы "INNOVERSE TALDYQORGAN" жеке меншік мектебінің химия-биология бейіндік пәндерін таңдаған 60 бітіруші түлектері үшін «Ашық есік» күні іс-шарасы ұйымдастырылды.

✅ Жас қонақтарды өз факультетінде қарсы алған Агробиология факультетінің деканы Ержан Абилдаев «Ашық есік күнінің» негізгі мақсаты – болашақта ауылшаруашылығы маманы боламын деген талапкерлерге 90 жылдан аса тарихы бар оқу ордамыздың инновациялық жаңалықтарын, факультеттердің ерекшелігін таныстыру және көрнекті ғалым ұстаздармен кездесу өткізіп, студенттермен жүздестіру екенін атап өтті.

«ҚР ҰҒА Вице-президенті, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Ақылбек Күрішбаев басқаратын ҚазҰАЗУ халықаралық білім беру жүйесінде өзіндік орны айшықталған, QS WORLD UNIVERSITY халықаралық рейтингісі бойынша әлемнің 2963 жоғары оқу орны арасында озық шығып, Қазақстандық үздік 5 ЖОО қатарына енген білім ордасы атанып отыр. Көптеген белгілі акдемиктер, профессорлар мен ағылшын тілін меңгерген танымал жас оқытушылар дәріс береді. Әлемдік даму үрдісіне сай бүгінде цифрлы университет құру жұмыстары қолға алынуда. Тұңғыш рет ақпараттық коммуникациялық технология арқылы оқытудың жаңа форматы – онлайн оқу жүйесі енгізілді. Заманауи ғылыми кадрларды дайындаудың классикалық моделі «Университет – ҒЗИ – тәжірибе шаруашылығы», яғни аудитория – зертхана – өндірісті меңгересіздер. Сондай-ақ, келіп жатсаңыздар, әлемнің озық ЖОО-ларында бір мезгілде қатар оқып, екі диплом алу мүмкіндіктеріне ие боласыздар», - деді Ержан Советбекұлы өз сөзінде.

✅ Кездесу барысында талдықорғандық жастар Университеттің мұрағатында, Вагенинген Институты, АгроХаб, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы, Өсімдіктерді микроклоналды көбейту зертханасы, сүт бойынша референттік зертхана мен "Агробиология" факультетінің зертханаларында болып, Әскери кафедраның қызметімен жақын танысты.

✅ Орман ресурстары және орман шаруашылығы білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Қарақат Жандосқызы мектеп түлектеріне викторинарлық сұрақ-жауап ойынын ұйымдастырып, жүлдегерлер естелік сыйлақтармен марапатталды.

✅ «Біздің мектептің ата-аналары ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлайтын ҚазҰАЗУ-ға іссапар ұйымдастыруды өтініп сұраған болатын. Шәкірттеріміз бүгін бәрін өз көздерімен көріп, үлкен әсерге бөленді. Алыстан келген өрендерді жылы қабақпен қарсы алғандарыңыз үшін университет басшылығына алғысымызды білдіреміз. ", - деді" INNOVERSE TALDYQORGAN " мектебінің топ тәлімгері Жансая Мадиярова.

Топ жетекшісі Нұрәлі Серікұлы "INNOVERSE TALDYQORGAN" мектеп ұжымының Алғыс хатын табыстады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник