ҚазҰАЗУ СТУДЕНТТЕРІ ҚЫТАЙДЫҢ CHANGAN AUTO NOMADCAR ЖШС «CHANGANAVTO» АВТООРТАЛЫҒЫНДА ӨНДІРІСТІК ПРАКТИКАДАН ӨТУДЕ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті бүгінгі күні заман талаптарына сай жаңа бағытта даму үстінде. Басты мақсат – оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу.
Осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында биылғы оқу жылында университет басшылығы студенттерге теориялық білім алумен қатар, 352 ірі өндіріс орны мен агрокәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндіктер жасап отыр. Бұл – әлемдік үрдіс, дамыған елдердің озық тәжірибесі.
Инженерлік-техникалық факультетінің деканы, ф-м.ғ.к., қауымдастырылған профессор Ләззат Әлдібаеваның айтуы бойынша, бүгінде «Көлік, көліктік техника және технологиялар» білім беру бағдарламасының ТТ-20-04К тобының студенттері "Nomadcar" ЖШС "Changanavto" автоорталығында ү.ж. 23 қазан – 25 қараша аралығында өндірістік практикадан өтуде.
«Nomadcar» ЖШС Қытайдың заманауи автокөліктерін, соның ішінде, Шанган автоөнімдерін елімізде танытып, рынокта өткізу мақсатында ашылған, Орта Азиядағы көшбасшы компанияның бірі. Қазақстанның Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда, Тараз сияқты ірі қалаларында диллерлік орталықтарын ашып, халыққа қызмет етуде.
Биылғы оқу жылында ҚазҰАЗУ Көлік, көліктік техника және технологиялар БББ білім алушыларына дуалды оқыту және өндірістік практика ұйымдастыру бойынша осы «Nomadcar» ЖШС Шанганавто орталығымен келісім-шарт жасасқан болатын. Аталған автоорталықтың инфрақұрылымы әлемдік заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«Келісім-шарт аясында өндіріс орнында білім алушыларға теориялық білімдерін практикада тереңдетіп пайдалануға барлық жағдай жасалған. Болашақта бітіретін жас мамандарымыздың авторталықта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері де өте жоғары», - дейді И.В. Сахаров атындағы Машина пайдалану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мизамбек Жетпейісов.
Биылғы оқу жылы университетіміздің дамуындағы осындай айтулы жаңа кезең, жаңа белестер білім беру, оқу процесіне де тың серпін бергенін студенттер де айқын сезініп, өндірістік тәжірибе барысында өте қызығушылық пен құлшыныс танытуда.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі