KazNARU

ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ ТАРТУ АРҚЫЛЫ АГРОКЕШЕНДЕГІ ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ  ҮЛЕСІН АРТТЫРУҒА МҮМКІНДІК БАР

Биылғы оқу жылы қарсаңында ҚазҰАЗУ құрамына берілген алты ҒЗИ-дың бірі – «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ғылыми-зерттеу институты. Әлемдік тәжірибе негізінде енгізілген бұл жаңалық қазірдің өзінде өз нәтижесін бере бастады. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы БББ білім алушыларына дуалды оқыту және өндірістік практика ұйымдастыру бойынша Университет пен Инстиут арасында келісім-шарт жасалынды.

✅  Университетіміздің инновациялық деңгейінің көтерілуі, оқу ордасының ҒЗИ-мен тікелей байланысының күшейуі нәтижесінде 6В08201 - «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының ТППЖ-20-01К тобының студенттері «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ғылыми - зерттеу институтында ү.ж. 23 қазан – 24 қараша аралығында өндірістік практикадан өтуде.

✅  «Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда еңбек нарығында креативті, жаңаша ойлай білетін, кәсіби дағдысы терең мал шаруашылығы мамандарының тапшылығы байқалуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себебі – білім беру үрдісін ұйымдастыру және жүйедегі мәселелер, яғни жас маманның бойынан өндірістік жағдайларға бейімделген тиісті тәжірибелік дағды жетіспейді. Сондықтан, білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, білікті мамандарды дайындау Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басты мақсаты болып табылады», - дейді Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы»   факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Бибипатыма Еренова.

✅  ҚазМШЖӨ ҒЗИ ғалымдары Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық және экологиялық аймақтарында ірі қара малды, қой мен ешкіні, түйені, жылқыны, шошқа мен құс өсірудің теориялық негіздерін, малды селекциялаудың жаңа әдістері мен асыл тұқымды малды бағалау тәсілдерін, оларды азықтандыру және күтіп-бағу технологияларын, жайылымдарды құру мен пайдалануды жақсартудың, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау және өңдеудің ғылыми негіздерін игереді. 

«Бұл ғылыми жетістіктер болашақта бітіретін жас мамандарымыздың ғылым жолындағы ізденістеріне жол ашуына мүмкіндік береді», - дейді «Зооинженерия» кафедрасының меңгерушісі, а.ш.ғ.д., профессор Шолпан Адылканова.

✅  Сондай-ақ, цифрландыруды дамыту бағытында отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту тарихында алғаш рет зоотехникалық іс-шаралардың жинақталуын электрондық форматта жүргізуге, әрбір малдың тұқымын қадағалауға, сондай-ақ алынған деректерді өңдеуге арналған “Мал шаруашылығындағы ауқымды селекцияның ақпараттық-талдамалық жүйесін”, молекулалық-генетикалық зерттеулер негізінде елде өсірілетін барлық ірі қара тұқымдарының генетикалық профилін анықтау бағытында жұмыстар атқарылуда.   

✅ Кафедраның өндірістік практикаға жауапты профессоры Бейбіт Кулатаев: «Дуалды оқыту және өндірістік практика ұйымдастыру – білім алушылапрдың заманауи технологияларды, ең жаңа әдістемелер мен жабдықтарды қолдану жұмыстарының әдісі мен әдістемесін үйренуіне ықпал етеді және талантты жастарды ғылымға тарту арқылы агрокешендегі жас ғалымдардың  үлесін арттырады»  дейді.

✅ ҒЗИ бойынша ара бөлімінің меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Ұлжан Нұралиеваның айтуы бойынша, студенттер практика барысында молекулалық-генетикалық талдау, сүт сапасын талдау, мал азығы сапасын талдау зертханалары мен сынақ орталығының қызметтерімен танысып, ғалымдардың жасаған ғылыми әдістемелерін бірге үйренеді.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі


---------Chatbot---------
виртуальный помощник