СТУДЕНТ ЖАСТАР ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН-АЛУ ШАРАЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
2023 жылғы 24 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студент жастары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша бойынша арнайы дәріс болып өтті.
Қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризм әлемдік дертке айналған ең күрделі проблемалардың бірі. Біздің елімізде де деструктивті ағымдардың астыртын үгіт-насихаты тарап, діни экстремистік идеялардың бой көрсететіні жасырын емес. Мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін мұндай діни негіздегі әртүрлі құқық бұзушылықтардың іс-әрекетіне, дін атын жамылған теріс пиғылды түрлі ағымдарға тосқауыл қою – тұтас қоғамның міндеті.
Іс-шараға Алматы қаласы Дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Динара Садырбек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, PhD, дінтанушы Ұлжан Тұңғатова, ҚазҰАЗУ Тәрбие жұмысы бойынша департамент директоры Асима Ералиева, студенттік омбудсмен Мақсат Иманбеков, университет мамандары, академиялық топ кураторлары мен студент жастар қатысты.
Кездесудің модераторы – ҚазҰАЗУ Жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі Әшірәлі Сманов.
Кездесуде Алматы қаласы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, PhD докторы, дінтанушы Тұңғатова Ұлжан Асқарбайқызы тыңдаушыларға деструктивті діни ағымдардың белгілері, экстремистік идеяларды тарату әдістері, олардың алдын алу жолдары туралы баяндады.
«Қазіргі жаһандану дәуірінде діни экстремизм әлеуметтік-құқықтық және этно-психологиялық көпаспектілі мәселе болып табылады. Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу шаралары бойынша жұмыс ең алдымен, өскелең ұрпаққа берілетін тәрбиемен ұштастырыла атқарылуы тиіс», - деген сарапшы конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету үшін халықтың жалпы мәдениеті мен білімін, оның ішінде құқықтық сананы, отбасы мен қоғамда толерантты дәстүрлердің орнығуын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан кейін білім алушылардың назарына талқыланған тақырып бойынша презентациялар мен бейнероликтер ұсынылып, студенттерді толғандырған түрлі сұрақтарға жауап берілді.
Студент жастар үшін өте маңызды, әрі тәрбиелік тұрғыдан пайдалы өткен іс-шара Университет пен Алматы қаласы Дін істері басқармасымен бірлесе ұйымдастырылды.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі