ҚазҰАЗУ БАЗАСЫНДА «ЖАЙЫЛЫМ» ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТЫҚ СЕМИНАР ӨТКІЗІЛДІ
2023 жылғы 29 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында тұрақты жайылымдық мал шаруашылығын дамытудағы Жайылым жобасының тәжірибесі» атты ақпараттық семинар өткізілді.
Семинарға ҚазҰАЗУ БасқармаТтөрағасы - Ректордың бірінші орынбасары Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы, Қазақстан мен Италияның ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, "Жайылым" жобасының сарапшылары, Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Семинар модераторы: Қазақстан АгроОдақ Президенті – Сағындықов Алик Сабырбекұлы.
"Жайылым" жобасының мақсаты – өңірдегі экологиялық және экономикалық тұрақтылықты арттыру және ауданның нысаналы аумақтарында жайылымдық жерлерді пайдалануды жақсарту.
Өзінің кіріспе сөзінде П.Ш.Ибрагимов елдің ғылыми-технологиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарына сәйкес жүргізіліп жатқан ҚазҰАЗУ-дың ғылыми-зерттеу қызметі мен инновациялық қызметінің бағыттары туралы, аграрлық дамуды тежейтін жайылымдық алқаптардың жетіспеушілігі проблемалары туралы айтып берді.
Сондай-ақ, шетелдік серіктестер тарапынан жобаның жетекшісі, "Фелкос-Умбрия" қауымдастығының үйлестірушісі Франческа де Паула онлайн форматта сөз сөйледі. Ол Италия тәжірибесінде жемшөп базасын қалыптастыруда жайылымдарды тұрақты басқару мәселелерін қозғады.
Соңғы онжылдықтарда планетаның барлық нүктелерінде жердің климатының өзгеруіне және адамзат әрекетіне, басқа да субъективті себептерге байланысты топырақтың деградациясы байқалады. Еуропа елдерінде, атап айтқанда Италияда, заманауи ғылыми әдістерді қолдану арқылы осы жерлерді ұтымды пайдалану және оларды қалпына келтіру бойынша жеткілікті тәжірибе жинақталғаны айтылды.
Онлайн форматта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әшімбетов Нұржан Кемерұлы қатысып, жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы айтып берді. Мысалы, "Жайылым туралы" Заңға енгізілетін негізгі өзгерістердің бірнешеуі ұсынылды:
- қолданысқа "қоғамдық жайылым" деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл ретте қоғамдық жайылымдарға жергілікті тұрғындардың жайылымдары және осы мақсаттар үшін арнайы резервке алынған жерлер жатады. Қоғамдық жайылымдарды басқа мақсаттарда пайдалануға немесе оларды алып қоюға заңмен тыйым салынады.
- "қоғамдық жайылымдар" көлемін ұлғайту мақсатында ауылдық елді мекеннен тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма ұсынылады. Қазір олар аудандық атқарушы органның құзыретінде. Бұл норманың негізгі мақсаты – ауыл әкімдерінің мал жаю үшін жайылымдармен қамтамасыз етуге қатысты құзыреттерін кеңейту және жайылымдарды пайдалану жөніндегі жоспардың кешенділігін қамтамасыз ету.
"Жайылым" жобасының мақсаттары, міндеттері мен аралық нәтижелері туралы "Қазақстан фермері" қорының директоры Левин Владимир Геннадьевич өз көзқарасын білдірді.
ҚР ҰҒА корреспондент – мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, "Зооинженерия" кафедрасының профессоры, Омбаев Әбдірахман Молданазарұлы, Луиджи Ванвителли университетінің профессоры (Италия) Альфонсо және Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ жайылымдық ресурстарды басқару бөлімшесінің меңгерушісі Мелдебекова Нұргүл Әлиханқызы Қазақстанның жайылымдық мал шаруашылығын дамыту перспективалары, жайылымдар мен жайылымдық мал шаруашылығын басқару қағидаттары және жайылымдарды басқару жоспарларын әзірлеудегі және оларды ауылдық округтерде пайдаланудағы "Жайылым" жобасының тәжірибесі туралы пікірлерін қосты.
Жоба аясында экономика және жайылымдық мал шаруашылығын ұйымдастыру мәселелері, климаттың өзгеруінен туындаған тәуекелдер және оған бейімделу мүмкіндіктері бойынша оқыту жүргізіліп, техникалық қолдау көрсетілді. Сондай-ақ ұжымдық негізде жергілікті басқару мен мемлекеттік жеке әріптестіктің инновациялық тетіктері ұсынылды.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.