2024 ЖЫЛЫ ҚазҰАЗУ БАЗАСЫНДА АТ СПОРТЫ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЕНГІЗІЛЕДІ
Бұл туралы бүгін ҚР ҰҒА Вице-президенті, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректор Ақылбек Күрішбаев пен «ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» Вице-президенті Тастанбек Есентаевтың арасындағы Келісім-шартқа қол қою рәсімінде айтылды.
Қазақ халқы – ежелден жылқы түлігін баға да білген, бағалай да білген және өз қажетіне пайдалана да білген. Ел аузындағы «Жүзден жүйрік - мыңнан тұлпар» - деген нақыл сөз де аузымен құс тістеген жүйріктерге арнап айтылған. Бүгінде Қазақстанда ұлттық спорт түрлері қарқынды дамуда және бұл қатарда ат спорты да бар. Алайда, ат спортын әлемдік деңгейге шығару бағытында кәсіби мамандарды, соның ішінде жылқы баптау жөніндегі ветеринарларды дайындаудың жетіспеуі – күрделі мәселелердің бірі болып отыр.
✅ «Өздеріңіз білесіздер, ат спортында жылқылардың денсаулығын бақылау, рационалды азықтандырылуын қадағалау, күтіп-баптауды дұрыс ұйымдастыру және инфекциялық ауруларға қарсы уақытылы екпе жасау тікелей ветеринариялық дәрігерлердің міндеті болып табылады. Бүкіл қоғам үшін маңызды бұл мәселені тиімді шешу мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» бірлесіп, ат спортындағы білім беру бағдарламасын әзірлеуді және 2024 оқу жылынан бастап, осы салада мамандарды бірлесе даярлауды көздеп отыр», - деді университет басшысы Ақылбек Қажығұлұлы.
✅ Ал, «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы" ЗТБ Вице-президенті Тастанбек Есентаевтың айтуы бойынша Ұлттық спорт түрлерінің ішінде 6-уы осы жылқымен байланысты. Оның ішінде, аламан бәйге, көкпар, аударыспақ т.б. атүстілік сайыстар – спортқа пайдаланатын жылқыға үлкен сын. Мұнда жарысқа қосылған аттың шабыстылығы, жүйріктілігі, қарқындылығы, ұшқырлығы барлық жағынан нақтылы сыналады. Оның төзімділігі мен шыдамдылығы, күші мен қайраты, ептілігі мен батылдығы, бапталуы мен жаратылуы, тіптен оның қайсарлығына дейін айқындалады.
«Бұл тарихи сәт! Ұлттық спорттың құрамындағы осы сала бойынша маманданған ветеринарларды дайындау мәселесін ҚазҰАЗУ басшылығының бірінші болып қолдағанына алғыс білдіреміз. Ат спортындағы білім беру бағдарламасын бірлесе жасау, осы сала бойынша кәсіби мамандар даярлау елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Біздер осы бірлескен жобадан көп үміт күтеміз», - деді Тастанбек Құтжанұлы.
✅ Талқыланған тақырып бойынша, Зауыттық жылқылар тұқымдары бойынша Республикалық Палатасының вице-президенті Александр Сухоруков, ҚХР Тарым университетінің профессоры Ғымыңгүл Мұқатай, «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы" ЗТБ директор-сарапшысы Қуандық Құдайбергенов, ҚазҰАЗУ-дың ғалым мамандары – в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов, э.ғ.к. профессор Айнұр Қайырбаева, в.ғ.д., профессор Мардан Жоламанов, а/ш ғ.д., профессор Шолпан Адылканова, а/ш.ғ.к., қауымдастырылған профессор Қайрат Ихсан өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
✅ Қабылданған шешім бойынша ат спортындағы білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді оқыту 2024 оқу жылының 1 қыркүйегінен басталатын болып жоспарланды.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі