ҚазҰАЗУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН БІЛІМ АЛУШЫЛАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 3-ші және 4-ші оқу корпустарында белгіленген жоспарға сәйкес, қызметкерлер мен білім алушылардың қатысумен кезекті антитеррорлық оқу-жаттығу шарасы өткізілді.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – төтенше террорлық қауіп-қатер төнген жағдайда университеттің Қауіпсіздік бөлімі мен өзге де құрылымдарының арасындағы өзара іс-қимылын үйлестіріп, қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру.
Дыбыс ұлғайтқыш құрылғы арқылы арнайы дабыл берілген соң, көпшілік ұйымшылдық пен сабырлық танытып, дүрбелеңге бой алдырмай, оқу-жаттығу жұмыстарына түсіністікпен қатысты және инструктаж алу үшін тез арада алаңға жиналды.
Жиналғандардың назарына оқу-жаттығу шарасы өте маңызды екендігі, ҚР ӘҚБтК-нің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке апарып соқтыратыны түсіндірілді.
Биылғы оқу жылында қызметтік персонал құрамы мен студент жастардың қатысумен осындай бірнеше іс-шаралар өткізілді.
Университет басшылығының мәліметінше, барлық оқу корпустары мен жатақханалар, қоғамдық қызмет көрсету ғимараттары қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында бейнекамералармен толық қамтамасыз етілді, күзет постарының қызметі жетілдірілді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.