KazNARU

ҚазҰАЗУ ҰЖЫМЫ МЕН СТУДЕНТТЕРІ ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІН САЛТАНАТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Мемлекеттік бірегей мерекеміз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары Акт залында өткен салтанатты кешке қатысып, Тәуелсіздік рухына тағзым білдірді.

✅ Кешті ашып, ұжымды құттықтаған ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Вице-президенті, Басқарма Төрағасы - Ректор, академик Ақылбек Күрішбаев бұл күн ата-бабаларымыз аңсаған ізгі арманның жүзеге асқан – Ұлы Дала елінің еркіндік алған тарихи күні екенін атап өтті.

Тәуелсіздіктен кейінгі сындарлы кезеңде, әділеттілі, құқықты мемлекет орнатудағы ұлы мақсаттар жолында Қазақстан талай сынақты бастан кешірді. Жеке мемлекет ретінде нарықтық экономикаға қадам басқан сәтте, жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 168 АҚШ долларын құраған болатын, бүгінде бұл көрсеткіш жан басына шаққанда $12 мыңға көтерілді. Халықтың табысы мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы еселеп өсті. Ел тұрғындарының саны кешегі 16,5 млн адамнан биылғы жылдың соңында 20 млн адамға дейін жетті.

✅ «Бұл жетістіктерге – ел экономикасының, ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне, руханият пен ғылым-білімнің дамуына университет ұжымы да сүбелі үлес қосып келеді. Университетте соңғы уақытта басқару жүйесінде, білім беру мен ғылымды дамытуға байланысты үлкен өзгерістер жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, осы жылдың ең үл¬кен жаңалығы – тұңғыш рет ашық конкурс ұйымдастырылды. Нәтижесінде, факуль¬тет декандары мен кафедра меңгерушілерінің құрамы 70 пайызға жаңарды. Іріктелген декандар өз салалары бойынша өздерінің біліктілігі мен білімін, ғылым мен білім берудегі жинақтаған тәжірибелерінің мол екендігін айқын көрсете білді. Сол үшін факультет басшыларына бүгін ерекше алғыс білідерімн!», - деді университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.

✅ Университетіміз 172 оқу бағдарлама бойынша білім береді, алты факультетте, 24 кафедрада 6 000 мыңнан аса білім алушылар оқиды. Оның 1698-і бірінші курс студенттері. Оның ішінде, бакалаврға 1542 білім алушы қабылданды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22,2 пайызға жоғарылады.

Бүгінде оқу ордамызда АҚШ және Еуропа елдерінің жетекші университеттерімен екі дипломдық бағдарламалар іске асырылуда.

Мысалы, Варшава Жаратылыстану ғылымдары университетімен (Польша) «IT-технологияларды қолдану арқылы су ресурстарын басқару» магистратура бағдарламасы бойынша соңғы үш жыл қатарынан түлектер шығарылды. Сондай-ақ, Қытай ауылшаруашылығы университетімен, Литва денсаулық ғылымдары университетімен екі дипломдық мәселені заңдастыру ісі қолға алынуда.

ҚазҰАЗУ базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының» филалын ашу жұмыстары басталды.

✅ «Біздің басты мақсатымыз – әлемдегі ең озық университтер қатарына қосылу, үздік оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай нағыз ғылыми зерттеу оқу ордасына айналу. Жаңа Әділетті Университет құру жолындағы осы игілікті ортақ мақсатымыздың жүзеге аса беруіне тілектеспін. Ертеңгі Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, отбастарыңызға бақ-береке, амандық тілеймін!», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ Кеш барысында университетте көп жылдардан бері абыройлы қызмет атқарып келе жатқан бір топ ардагер оқытушылар мен қызметкерлер ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы Басқарма басшысының Құрмет грамотасымен, ҚазҰАЗУ ректорының «Еңбек ардагері», «Айрықша еңбегі үшін», «Университет мақтанышы» төс белгілерімен марапатталып, бірнеше белсенді студенттер Алғыс хаттарға ие болды.

Мерекелік салтанатты соңы арнайы келген эстрада жұлдыздары мен университет көркем өнерпаздарының күшімен қойылған концертке жалғасты.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник