KazNARU

ТАЛАПКЕРЛЕР ҚазNARU БАЗАСЫНДА ҰБТ ТАПСЫРУДА

2024 жылғы 16 қаңтарда бүкіл еліміз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны басталып, 136 мың талапкер ЖОО-ларда білімін жалғастыру үшін бақ сынауға кірісті. Сынақ мерзімі 10 ақпанға дейін жалғасады.

✅ Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша Ұлттық тестілеу орталығымен бірге 7 ЖОО базасында ҰБТ тестілеу орталықтары құрылды. Олардың қатарында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті де бар.

Ұлттық тестілеу орталығының өкілі, ҚазNARU бойынша тестілеу администраторлары тобының жетекшісі – Ерденова Ләззат Мусалимқызы және тестілеу администраторы Боржакаева Улжанна Өміртайқызы.

✅ «Мұнда жексенбіден басқа күндері екі лек бойынша тест сынақтары өтіп жатыр. Біздің бұл орталықта тест тапсыруға 1799 өтініш келіп түсті. Атап өтерлігі, орталыққа Алматы қаласынан тыс Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарынан да үміткерлер келуде. Талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдайды», - дейді администраторлар тобының жетекшісі Ләззат Ерденова.

Төрт күн ішінде 192 талапкер тест тапсырып үлгерді.

✅ Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Негізінен ҰБТ тапсырмаларының саны өзгеріссіз қалады, жалпы берілгені 120 сұрақ. Жоғары шектік көрсеткіш – 140 балл.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сынақ тапсырушылар үшін барлық тиісті жағдайлар жасалған. Кең де, жарық аудиторияға соңғы үлгідегі компьютерлер қойылған.

✅ «Ұлттық бірыңғай тестілеу қалыпты жағдайда өтуде, талапкерлер тарапынан құқық бұзушылық көріністері тіркелген жоқ. ҰБТ-ға кірген кезде талапкердің өзімен бірге тек жеке куәлігі мен қаламы болады. Қажет болғанда, су және шоколад алып кіруге рұқсат беріледі», - дейді тестілеу администраторы Улжанна Боржакаева.

ҚазNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник