KazNARU АМЕРИКАНДЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БАЙЛАНЫСТЫ БЕЛСЕНДІ ДАМЫТУДА
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Висконсин-Мэдисон (UW-Madison) университетімен тығыз жұмыс істейтін American Councils (Халықаралық білім беру жөніндегі американдық кеңестің) ұйымдастыруымен американдық арнайы делегация келді.
Делегация құрамында Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі Чад Киннер, Университеттермен әріптестік бағдарламалары жөніндегі маман Мақсат Қошқарбаев, UW-Madison Халықаралық жобалар кеңсесіндегі (IPO) серіктестік үйлестірушісі, доктор Вирджиния Мартин, CALS Global UW-Madison директоры, доктор Дженнифер Кушнер, UW-Madison Халықаралық жобалар Іскерлік қызметтер жөніндегі вице-канцлер / UW-Madison құрметті басқарушысы Дэниел Лангер және т.б. белгілі профессорлар болды.
Сапардың мақсаты – KazNARU инновациялық жетістіктерімен танысу, білім беру байланыстарын нығайту, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, магистранттар және докторанттармен алмасу саласындағы ынтымақтастықты жақсарту, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша өзара іс-қимылды дамыту.
KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде американдық-қазақстандық университеттік әріптестік бағдарламасы екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы елеулі халықаралық өзара іс-қимылды, сондай-ақ STEM-мен байланысты ақпараттық технологияларды, цифрландыруды ілгерілету бойынша бірлескен жұмыс үшін үлкен ықпал жасайтынын атап өтті.
«Соңғы уақытта біздің KazNARU АҚШ университеттерімен серіктестік қатынастарды дамыта отырып, жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жандандырды. Мысалы, жақында мен агротехнология саласындағы жобаларды, зерттеулер мен жаңалықтарды әзірлеу және жүзеге асыруда көшбасшы болып табылатын Небраска-Линкольн университетінің өкілдерімен кездестім. Қазақстан әлемдегі ең ірі аграрлық-индустриялық елдердің бірі болып табылады, әрі агроөнеркәсіптік секторы елдің ішкі ресурстарына ғана емес, оның сыртқы нарықтардағы беделіне де тікелей әсер етеді. Осыған орай, сіздерді бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға және ауыл шаруашылығында ғылыми зерттеулер жүргізуге шақырамын», - деп атап өтті университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.
Өз кезегінде Висконсин-Мэдисон университетінің (UW – Madison) профессоры, доктор Карен Эванс-Ромейн аталған Бағдарламаның негізгі мақсаттары мен міндеттері қазақстандық жоғары оқу орындарымен әріптестік орнату, зерттеу саласындағы оқытушылар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Қазақстанда жоғары білім беруді реформалау жөніндегі күш-жігерді қолдау болып табылатынына тоқталды.
American Councils Кеңесі атынан бағдарламалар жөніндегі маман Мақсат Қошқарбаев сөз сөйлеп, Халықаралық білім беру жөніндегі американдық кеңестің қызметі туралы егжей-тегжейлі баяндады. Бұл ұйым АҚШ және Қазақстан университеттерін біріктіреді және әрбір таңдалған серіктестікке олардың бірлескен қызметін қолдау үшін грант ұсынады.
Мысалы, бүгінгі таңда американдық Кеңес серіктестіктерге 42 грант бөліп отыр:
- Ауыл шаруашылығын зерттеу, жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар немесе STEM-мен байланысты басқа салалардағы ынтымақтастықты кеңейту;
- Басқарудың, қаржылық жоспарлаудың және менеджменттің тиімділігін күшейту, сондай-ақ қазақстандық университеттердің институционалдық әлеуетін, соның ішінде, қазақстандық университеттердің жеке сектормен немесе жергілікті өнеркәсіппен әріптестік қатынастарын дамыту саласындағы әлеуетін арттыру.
Сондай-ақ, KazNARU халықаралық қатынастар және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Абазов Рафис Фанисович университеттің ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар және STEM-ге қатысты басқа да салалардағы қолданыстағы оқу бағдарламаларын жаңғырту туралы баяндап өтті.
Тараптар кездесу барысында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ғылым саласындағы ақпараттық және консультациялық сүйемелдеу бойынша жемісті өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы ортақ ұстанымға келісті.
KazNARU ректоры Ақылбек Күрішбаев Висконсин – Мэдисон университетіне оқу орнының селекциялық жұмыстары бойынша (әсіресе тамырлы өсімдіктер, картоп сияқты өнімдер), сондай-ақ ғылым мен фермерлер арасында тиімді байланыс құратын экстеншн орталықтарының жұмысындағы жаңа зерттеулерімен танысу үшін АҚШ-қа шақыру алды.
Қонақтар Вагенинген университетімен жұмыс Институтына және Өсімдіктерді микроклоналды көбейту зертханасына барып, KazNARU басшылығына сындарлы және пайдалы кездесу үшін алғыстарын білдірді.
KazNARU баспасөз қызметі.