KazNARU

«АЛМАТЫДАН СӘЛЕМ! БІЗДЕ БӘРІ ДЕ ЖАҚСЫ» дейді KazNARU студенттері

Қысқы каникулдан сүйікті Алматысына оралып, мәре-сәре болған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің білім алушылары кеше түндегі табиғаттың күтпеген мінезіне куә болды. Жалғыз олар емес, бүкіл алматылықтар үшін тосын оқиға саналған «жер сілкінісі» кімге де болса, оңай тимегені рас. Көпшілікпен бірге студент жастар да жатақханаларынан көшеге шығып, сақтық шараларын жасады.

✅ KazNARU басшылығы мен декандар, университет Қауіпсіздік бөлімінің жауапты тұлғалары жедел қимылдап, телефон арқылы өзара байланыста болып, оқу ордасындағы барлық жағдайды бақылауда ұстап отырды. Осыған дейінгі Қауіпсіздік бөлімінің ұйымдастыруымен бірнеше рет өткізілген «Жер сілкінісі жағдайында не істеу керек?» деген жаттығу дәрістерінің пайдасы тигенін айта кеткен орынды.

✅ «Жатақханаларға түнделетіп жедел жеткен ректорат өкілдері, ұстаздар, Жастар комитеті мен Студенттік ұйымдардың жетекшілері студенттердің үрейге салынбай, ұйымшылдықпен әрекет етуіне басшылық жасады. Жатақханаларда ешқандай тосын оқиға болған жоқ. Бүгін студенттер әдеттегідей сабақтарына барды», - дейді университеттің Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов.

✅ «Алматыдан сәлем! Бізде бәрі де жақсы. Екінші семестрдің оқуы ойдағыдай басталды. Жатақханаларымыз жайлы, жылы, жағдайымыз өте жақсы, алаңдамаңыздар» дейді студенттер елдегі ата-аналарына сәлем жолдап.

Суреттерде: бүгінгі күннен фото және бейнерепортаж.

KazNARU Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник