20 Наурыз - "Ұлттық ойындар күні"
Жақсылықтар жиынтығы – әз-Наурыз.
Наурыз – көктем мен жаңару мерекесі. Бұл Қазақстанның ең сүйікті және ауқымды мерекелерінің бірі.
Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды.
Сондықтан қазақ халқы бұл мейрамда "Қыз қуу", "Көкпар", "Жамбы ату","Аударыспақ", "Арқан тартыс", "Теңге ілу" , “Асық ату” сынды түрлі ойын ойнаған.
Ұлыстың үні күні болған мерекемізге орай университетіміздің академик Н. У. Базанова атындағы Физиология, морфология және биохимия кафедрасында Жылқышыбаева М.М. ұйымдастыруымен “Арқан тартыс”,
“Асық ату” ойындары өткізілді.
Арқан тартыс. Ойынға ұзындығы 10 метрдей кендір арқан керек. Арқанның қақ ортасы қызыл орамалмен байланады. Осы орамалдың екі жағынан 1,5-2 метрдей қашықтықта жерге белгі салынады. Екі топқа бөлінген жастар бойларына қарай арқанның екі шетінен ұстайды. Төреші белгі берген сәттен-ақ екі топтың ойыншылары арқанды өздеріне қарай тартады. Арқанның ортасындағы қызыл орамалды жердегі белгіге бірінші сүйреп әкелген топ жеңімпаз атанады.
Асық ойыны қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Ұсақ малдың (қой, ешкі) асықты жілігінен алынған жұмыр сүйек - асықтай ойналады. Иіргенде түскен алпына қарай асық - алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арналған арнайы қорғасын құйылып жасалғаны- сақа, оң қолмен атуға ыңғайлысы - оңқы асық аталады.Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б.
Өткізілген іс шараға: Ветеринария факультетінің 1 курс студенттері қатысты.
Ойындар өте тартысты, қызықты өтті.