ҚР ҰҒА ПРЕЗИДЕНТІ АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ ҒЗИ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан Республикасы ҰҒА Президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Күрішбаев ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен және жетекші ғалымдармен кездесіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен білім беруді біртұтас жүйеде дамыту мәселелерінің барысын талқылады.
Академия президенті өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ғылым мен инновацияны бәсекеге қабілетті экономиканың басты тірегіне айналдыру туралы тапсырмасының орындалу барысына басты назар аударып, ғылым мен жоғары білім салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан кешенді шараларды атап өтті.
«Қазір ғылымдағы ең өзекті мәселе – ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын анықтау болып отыр. Ғылымның дамуындағы кезінде жіберілген кемшіліктерді жою үшін біз ғылыми зерттеулерді дұрыс ұйымдастыру жүйесін құрып, осыған дейінгі жіберілген олқылықтардың орнын толтыруымыз қажет. Ауыл шаруашылығын цифрландыру, оның ішінде мал шаруашылығы, көкөніс шаруашылығы, тағам өнеркәсібі, экология, су ресурстарын тиімді басқару, медицина, ветеринария, биотехнология, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу секілді маңызды салаларды көтеру – бүгінгі ғылымның басты міндеті. Осы жұмыстарды жүйелі жүргізу жолдарын талқылау мақсатында сіздермен арнайы бас қосып отырмыз», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Спикер қазіргі уақытта Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2024-2030 жылдарға арналған Даму бағдарламасы қабылданып, іске асырыла бастағанын және осы бағдарлама аясында университетімізге қосылған 4 ҒЗИ мен бір тәжірибелік шаруашылықтың кешенді жұмыс істеу нәтижелерімен бөлісті.
"Негізгі мақсат – оқу ордамыздың әлемдегі озық аграрлық зерттеу университеттеріне трансформациялануын жеделдету, яғни ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізетін инновациялық үрдісті енгізуді жеделдету", - деді ол.
Ғылым саласында қабылданған бағдарламалық құжаттардың барлығы ғылым мен инновацияларды қолдауға, зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған.
«Соңғы кезеңде ғылымды дамытуға, оның ішінде іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми институттарға қосымша қаржыландыру деңгейі өсіп келеді. Сондай-ақ жас ғалымдарды қолдау айтарлықтай күшейтілді – мысалы, биыл KazNARU жас ғалымдары «Жас ғалым» бағдарламасы аясында 6 ірі жобаның иегері атанды. Ауыл шаруашылығына білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны да өсті. Алайда, көп жағдайда бөлінген қаржы экономиканың қажеттіліктеріне емес, ғалымдардың жеке мүмкіндіктерімен ғана шектелетінін мойындауымыз керек. Зерттеу орталықтарында әзірленген жаңалықтар өндірісте пайдаланылмайды. Сіздерді нақты ғылыми бағдарламаларды іске асыруға бағытталған зерттеулердің сапасын жақсарту туралы ұсыныстар беруге шақырамын», - деді Ақылбек Күрішбаев.
Кездесуге қатысқан ҒЗИ директорлары мен университеттің проректорлары, танымал ғалымдар жылдар бойы қордаланған және әлі күнге дейін өз шешімін таппай отырған проблемалар мен кемшіліктерді ашық ортаға сала отырып, өзара сын тұрғысында ғылым мен білімді ұштастыра жүргізу туралы өз ұсыныстарын білдірді.
Жиынды қортындылаған Ақылбек Күрішбаев білім беру, ғылым мен өндірістің байланыстарын нығайту – уақыт талабы екенін баса атап өтіп, ҒЗИ мен аграрлық саладағы жетекші оқу ордасын дамыту, білім беру және ғылым саласындағы жұмыстарды, инфрақұрлымдарды жанғырту бағытында қабылдаған тиісті шешімдерді басшылыққа алуды тапсырды.
KazNARU Баспасөз қызметі