ҚЫТАЙДЫҢ YANGZHOU UNIVERSITY KazNARU МАГИСТРАНТТАРЫН ОҚУҒА ШАҚЫРДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылығымен кездесу барысында ҚХР Yangzhou University делегация жетекшісі, Шетелдік білім беру колледжінің деканы Zhou Guisheng қазақстандық аграрлық университеттің 5 магистрантына Янчжоу университетінде білімін жетілдіруге грант бөлінетінін хабарлады.
Кездесуді ашқан KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д. Пірімқұл Ибрагимов соңғы жылдары университеттің ҚХР білім беру ұйымдарымен, соның ішінде Қытай аграрлық университеті, Ланжоу Университеті, Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті сияқты ірі жоғары оқу орындарымен байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын егжей-тегжейлі айтып берді.
«Қазіргі уақытта KazNARU базасында Қытай аграрлық университеті мен Dayu Irrigation Group компаниясымен бірлесіп, су тасқынын болжау мақсатында су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана» құру бойынша жұмыстар басталды. Ланьчжоу университетімен бірге «Ақылды ауыл шаруашылығы» орталығын құру қолға алынуда. Бұл бастамалар болашақта екі елдің ғалымдарына агросаланың өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға мүмкіндік беретіні анық. Сондай-ақ, екі дипломды білім беру бағдарламаларын енгізу студенттерге бірден екі елде білім алуға бірегей мүмкіндік береді», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Сонымен қатар, спикер Қытайда қолданылатын инновацияларды Қазақстанда пайдалану, мамандар мен студенттердің білім алмасуын жеделдету, биотехнология, экология, ауыл шаруашылығы, су ресурстары бойынша бірлескен жобаларды қолға алудың маңыздылығына тоқталып өтті.
Өз кезегінде Zhou Guisheng 120 жылдық тарихы бар және 7 ірі кам пустан тұратын мемлекеттік Yangzhou University базасында барлығы 122 бакалавр, 84 магистратура және 24 докторантура бағыттарындағы мамандықтар оқытылатынын жеткізді. Бакалаврдың өзінде 32 мың студент оқиды. Қытайдағы 2 мыңға жуық ЖОО арасында 60-шы орынды иеленетін университетке мемлекет тарапынан жыл сайын 400 миллион юань қаражат бөлінеді.
«Ең танымал факультеттерінің көшбасында халықаралық білім, инженерлік білім, информатика және ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығын автоматтандыру және механикаландыру, мал шаруашылығы, өсімдік және дәнді дақылдар, бағбаншылық, су ресурстарын басқару, тамақ өнеркәсібі, құқықтану, бағдарламалық жасақтама, телекоммуникация, өнеркәсіптік дизайн, жабдықтарды өндіру және автоматтандыру сияқты аса маңызды салалар тұр. Мысалы, университеттің смарт фермасында 6 мыңнан аса сиыр өсіріледі. Сүт өнімдері ТикТок желісі арқылы күнделікті сатылымға түседі, білім алушылар тәжірибе меңгерумен қатар, материалдық игілікті де көреді. Осылайша теория мен практиканы, ғылымды ұштастыра оқыту арқылы ел экономикасына өз үлесімізді қосып келеміз», - дейді Zhou Guisheng.
Екі тарап бірлесе ғылыми зерттеулер жүргізу және мамандар даярлау, екі дипломды білім бағдарламаларын әзірлеу, студенттер алмасу үшін алдағы уақытта шартқа қол қою, профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен тақырыптық семинар, конференциялар ұйымдастыру сияқты аса маңызды мәселелерді талқылады.
Кездесуге Yangzhou University қызметкерлері – Машина жасау әкімшілік колледжінің өкілі You Yujun, Сәулет ғылымдары және инжиниринг колледжінің әкімшілік деканы Wang Enjun, Туризм және гастрономия колледжі деканының орынбасары Meng Xiangren, Студенттермен жұмыс департаменті директорының орынбасары Чжан Пинг, Шетелдік білім беру колледжінің ғылыми-зерттеу және әлеуметтік ынтымақтастық Орталығы директорының орынбасары Feng Jingxian қатысты.
KazNARU тарапынан Басқарма төрағасы - ректордың кеңесшісі, Думан Иманмади, Инженерлік–техникалық факультеттің деканы Л.Т.Әлдібаева, Ветеринария факультетінің деканы М.Т.Жетпейісов, Баспасөз қызметінің басшысы Қ.Т.Табеев, Халықаралық жасыл және тұрақты даму институтының жетекші маманы М.Сүйінчалиева қатысып отырды.
Қонақтар кездесу нәтижесіне жоғары баға беріп, бірлескен қызметтің стратегиялық бағыттарын белгілеуге қолдау көрсеткені үшін университет басшысы Ақылбек Күрішбаевқа алғыстарын білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі