СУ РЕСУРСТАРЫН ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУ, ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯНЫ ӨНДІРІСКЕ ЕНГІЗУ – ЕҢ МАҢЫЗДЫ САЛАНЫҢ БІРІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жас ғалымдарының бірі – PhD, «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қайпбаев Ерболат Толғанбайұлы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» конкурсының иегері атанды.
Бүгінде еліміздегі су ресурстарын басқару, суды тиімді пайдалану, су нысандарына мониторинг жүргізу, жер асты су көздерінен суды көтеру және Қазақстанда су көтерудің энергиясын үнемдейтін технологияны пайдалана отырып, жайылымдарды суландыру мәселесі басты назарда тұр.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану, қорғау және инновациялық жаңалықтарды енгізуге бағытталған бағдарламаларды жеделдетіп қабылдау, су саласы үшін сұранысқа ие бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың сапасын көтеру туралы нақты міндеттер қойған болатын.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің су шаруашылығы жөніндегі ғалым зерттеушілері кәсіби білімі мен ізденістерін осы маңызды тапсырманы жүзеге асыруға жұмсап келеді. Еліміздің өңірлерін сумен жабдықтау, жайылымдарды суландыру, су ресурстарын басқару мәселелерін қамтитын дәрістік, практикалық және зертханалық жұмыстарды халықаралық стандарттар деңгейінде жүргізіп келеді.
Үздік инновациялық технологияларды іздеу және қолданысқа енгізу бағытында табысты еңбек етіп жүрген жас ғалымның бірі – PhD, «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қайпбаев Ерболат Толғанбайұлы.
Ол 2006-2010 жылдары KazNARU қабырғасында 5В080500-«Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша білім алып, 2019 жылы аталған мамандық бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін қорғады.
2015 жылдан бастап бірқатар гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша бірқатар ғылыми жобаларда орындаушы (инженер) ретінде қатысып келеді.
Ресейдің, Болгарияның, Литваның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтті. Варшава жаратылыстану ғылымдары университеті мен KazNARU арасындағы бірлескен халықаралық жобасына қатысты. 30-дан астам ғылыми мақалалардың, оның ішінде оқулықтар мен оқу құралдарының авторы атанып, 5 ұлттық патент жариялады. Web of Science және Scopus деректер базалары бойынша дәйексөз индексінің (H – index) жиынтық мәні – 4.
Жақында Ерболат Қайпбаев AP22687854 «Өзен бассейндерінің су жинау алаптарында шекті рұқсат етілген антропогендік жүктемені экологиялық нормалау (Шу өзені бассейні мысалында)» тақырыбында 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша конкурстың жеңімпазы атанды.
Жобаның негізгі мақсаты: тұрақты тепе-теңдік жағдайындағы су экожүйесінің жағдайын сипаттайтын барлық табиғи және антропогендік факторларды ескеріп, трансшекаралық өзендердің су жинау алаптарындағы антропогендік жүктемені экологиялық нормалау қағидаттарын әзірлеу.
Жобадан күтілетін нәтижелер: трансшекаралық өзендерге антропогендік әсер етудің шекті рұқсат етілуін бағалау олардың гидрологиялық, гидробиологиялық, гидрохимиялық және гидрогеологиялық ерекшеліктерін талдау негізінде жүзеге асырылады, бұл өзен ағынының рұқсат етілген су алу мөлшерін тағайындауға мүмкіндік береді.
KazNARU Баспасөз қызметі