ҚЫТАЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ KazNARU БАСШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ
2024 жылғы 04 шілдеде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне Қытайдағы ауруларды бақылау және алдын алу Орталығының бас директоры Гао Фу Қытай делегациясы ресми сапармен келді. Делегация құрамында Қытай Ғылым академиясының Микробиология институтының профессорлары Ванг Хан, Ванг Ликуй, Би Юхай сияқты танымал ғалымдар, сондай-ақ, ҚХР Алматыдағы Бас консулдығының Консулы Чжан Вэй бар.
✅ Қазақстан жағынан KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректордың біріші орынбасары, в.ғ.д. Пірімқұл Ибрагимов, ректордың кеңесшісі, Қазақстан-Қытай орталығының директоры Думан Имаммади, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Бас ғалым хатшысы Исмаил Тоқбергенов, академияның Пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Алиханов және ҒЗИ өкілдері мен құрылым басшылары қатысты.
✅ Кездесу барысында тараптар KazNARU мен Қытайдың ғылым-білім беру ұйымдары мен орталықтары арасындағы өзара байланысты кеңейту және тереңдету жөнінде пікір алмасты.
✅ KazNARU өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары дамытуда жетекші рөл атқарады. АӨК саласында су ресурстарын тиімді басқару, өңірлік азық-түлік қауіпсіздігі, климаттық өзгерістердің салдарымен күресу бойынша ҚХР-дың 20-дан астам жетекші университеттерімен көптеген ауқымды ғылыми жобаларды іске асыруды жалғастыруда.
✅ Кеше ғана Астанада өткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кезедсулерінің қортындысында бірқатар партияаралық, мемлекетаралық, ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
✅ Соның ішінде, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор, Ақылбек Күрішбаевтың қатысуымен Қазақстандық университеттер арасында ең көп келісімге қол жеткізген ҚазҰАЗУ болды. Атап айтқанда:
- Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Шэньчжэнь университеті арасында бірлескен зертханалар құруда ынтымақтастық туралы келісім;
- «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ пен Қытайдың ауыл шаруашылығы университеті, Dayu Irrigation Group Co., Ltd компаниясы арасындағы шөлейтті аймақтарда суды тиімді пайдалану жөніндегі Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасын құру туралы келісім;
- «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ пен Қытай Халық Республикасының Ланьчжоу университеті арасындағы Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығын бірлесе құру туралы келісім жасалынды.
✅ Қонақтар алдында сөз сөйлеген Пірімқұл Ибрагимов екі мемлекеттің арасында қалыптасқан іскерлік және достық қатынастары білім мен ғылымның дамуына оң ықпалы тиіп отырғанын атап өтті. Мысалы, ҚХР Ғылым академиясы, Қытай Ауылшаруашылық ғылымдары академиясы, Қытай аграрлық университеті (Пекин), Хэнань Ауылшаруашылық университеті, Ланьчжоу, Шихэзи, Тарым, Харбин, Солтүстік-Батыс аграрлық университеттерімен бірлескен түрлі ғылыми жобалар қабылданды.
«Қазіргі таңда біз Қытай аграрлық университетімен және Dayu Irrigation Group компаниясымен бірлесіп, су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана», Ланьчжоу университетімен «Ақылды ауыл шаруашылығы» орталығын құру жөніндегі жұмыстарды қолға алдық. Аталған жобалар су ресурстарын басқару және жаһандық климаттық өзгерістердің салдарымен күресу үшін ең озық әлемдік тәжірибені зерттеу жөніндегі бағдарлама болып табылатыны сөзсіз. Басқа да белгіленге үлкен жобалар біздің білім алушылардың ең озық әлемдік тәжірибені игеруіне ықпал ететіні сөзсіз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
✅ Өз кезегінде Гао Фу Қытайдың ауылшаруашлығын дамытудағы тәжірибелік жетістіктерін пайдалана отырып, қытай технологиясын Қазақстанға енгізу арқылы экологиялық таза өнім алуға мүмкіндіктер ашылғанын атап өтті. Ол Қытай Ғылым академиясының, Дүниежүзілік Ғылым академиясының мүшесі, АҚШ Ұлттық медицина академиясының, АҚШ Ұлттық Ғылым академиясының шетелдік мүшесі ретінде ғылым және білім беру байланыстарын тереңдетудің тиімді тетіктерін бірлесе іздеуді және іске асыруды жеделдетуге ниетті екенін білдірді.
✅ Кездесу өзара сыйластық пен түсіністік жағдайында өтті және мәртебелі қонақтар алдағы уақытта университетпен әріптестік ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі