МЕДИЦИНА АДАМДЫ, ВЕТЕРИНАРИЯ АДАМЗАТТЫ ЕМДЕЙДІ
Кезінде гельминтология ғылымының негізін салған белгілі академик Константин Скрябиннің осы бір керемет сөзі бүгінде ғылыми ортада нақылға айналып кетті.
Әсіресе, дархан даланың төсіндегі қоралы қой, үйірлі жылқы, табынды сиыр, келелі түйе өсіріп, ең алдымен «Мал-жаның аман ба?» деп сұрайтын қазақ үшін жан-жануардың орны бөлек. Төрт түліктің өнімдері, еті мен сүті халыққа жесе азық, жүні мен терісі кисе киім, жолға шықса мінетін көлік болғандықтан, олардың бас амандығын қашанда бірінші кезекке қойған.
Бүгінде сол ауылдың ғана емес, бүкіл ауыл шараушылығының күре тамыры саналатын мал шаруашылығындағы жан-жануарлардың ауруын емдейтін, әртүрлі аурудың алдын алатын ерекше маман иелері – ветеринарлар.
KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың Бірінші орынбасары, ветеринария ғылымының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимовтың айтуы бойынша, бұл күнде елімізде ветеринария мамандарының тапшылығы қатты сезіледі. Тиісті мәліметтер бойынша, шаруашылықтарда 7 мыңға жуық мал дәрігері жетіспейді екен.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ветеринария мамандарын даярлайтын бірден-бір жетекші оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ветеринария» факультеті. Факультет құрамында алты кафедрадағы 1 ҚР ҰҒА академигі, 18 ғылым докторы, 56 ғылым кандидаты, 21 PhD қызмет атқарады.
«Оқу ордамызда қуатты білім беру, ғылымды дамыту инфрақұрылымы мен кадрлық ресурстар қалыптасқан. Сол игі дәстүр университетіміздің басшысы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының бастамасымен жүйелі жалғасып келеді. Оқу және өндірістік практика барысында әлемнің жетекші оқу орындары – Тулуза Жоғары ветеринарлық мектебі (Франция), Ганновер ветеринарлық медицина институты (Германия), Стамбул Джеррахпаша университеті (Түркия), Огайо мемлекеттік университетінің (АҚШ) білім беру бағдарламалары пайдаланылады. Ветеринария мамандарын дайындау процесі «білім, ғылым және өндіріс» арасында тығыз байланысы бар жоғары оқу орынында ғана қамтамасыз етілетінін соңғы жылдардағы тәжірибе айқын көрсетіп отыр. Осындай заманауи оқу ордасында білім алған түлектер алдағы уақытта Жаңа Қазақстанның экономикасын, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамытуға бар күш-жігерін арнайды деп сенеміз!», - деді Пірімқұл Шолпанқұұлы.
Факультеттің басты мақтанышы – оның түлектері. Олардың басым көпшілігі өз мамандығы бойынша ауылдарда, шаруашылықтарғда еңбек етуде. Арасынан ірі өндіріс желісін ұйымдастырушылар, басқарушылар, аудандар мен облыс басшылары, жобалау және ғылыми зерттеу институттарының, министрліктердің, республиканың мемлекет және қоғам қайраткерлері өсіп шықты. Биылғы түлктер де өз істерімен университет абыройын асқақтатады деп сенеміз.
Бүгінгі бітірушілер салтанатына дүниежүзіне танымал ғалым, Қытай Ғылым академиясы Микробиология институтының академиялық комитетінің директоры, Қытай биоинженерия қоғамының төрағасы, Қытай медициналық қауымдастығының вице-президенті, коронавирусқа қарсы вакцинаның әлем бойынша тұңғыш авторы, әлемнің 17 мемлекетінің академигі Гао Фу мырза қатысып, жас мамандарға өз қолымен дипломдар тапсырды.
Университет бітірген барлық түлектерді қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймыз және жаңа өмір жолында кәсіби табыстар тілейміз!
KazNARU Баспасөз қызметі.