KazNARU МАГИСТРАНТТАРЫ ДОКТОРАНТУРАДА БІЛІМІН ЖАЛҒАСТЫРУҒА ЫНТАЛЫ
Биыл докторантурада оқу үшін 85 мемлекеттік грант бөлініп отыр.
2024 жылдың 05 шілдесінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде магистратураны бітірген түлектерге дипломдар тапсыру рәсімі болып өтті.
Университетіміздің Басқарма Төрағасы - Ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының бастамасымен оқу ордамыз заман талаптарына сай жаңа бағытта даму үстінде. Өткен жылы KazNARU құрамына 4 ірі ҒЗИ және бір тәжірибелік шаруашылық қосылды. Халықаралық талаптарға сай цифрлы университет құру, сапалы білім беру, ғылымды дамыту жұмыстары (бакалавриат, магистратура және докторантура) үш деңгейде жүйелі жүргізіліп келеді.
«Қазіргі таңда KazNARU бәсекеге қабілетті, білікті кадрларды даярлауда ғана емес, заманауи озық ғылымды игерген жастарды тәрбиелеуге де баса назар аударады. Зерттеу университеті деген мәртебе бізге ғылыми бағыттарды тереңдетуді, жаңа технологиялар мен инновациялық зерттеулерді ұлғайтуды талап етеді. Қазіргі таңда ғылымға деген сұраныс артып келеді. Биыл докторантурада оқу үшін 85 мемлекеттік грант бөлініп отыр. Сіздерді өндірісте абыройлы еңбек етумен қатар, ғылым саласында да бақ сынауға, докторантура деңгейінде білімдеріңізді жалғастыруға шақырамын», - деді Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов
Биылғы оқу жылында бакалавриатта 42, магистратурада 36, докторантурада 13 білім беру бағдарламасы бойынша 1787 маман даярланды. Оның ішінде 1518 бакалавр мен 204 магистрант оқуларын табысты аяқтап, сонымен қатар кейбіреулері шет елдік ЖООларда екінші білімді игеріп, көптен күткен дипломдарын алды. Алдағы күндері 61 докторантқа диплом тапсырылмақ.
Біздің университет әлемнің 170 жетекші оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында Вагенинген университеті (Голландия), АгроПарижТех университеті (Франция) және Небраска университеті (АҚШ), Варшава жаратылыстану ғылымдары университеті, Қытай аграрлық университеті (Пекин), Хэнань ауылшаруашылық университеті, Малайзияның Паханг университеті, Эмираттағы Американдық Университет, Германияның Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университеті бар. Білім алушыларымыз осы аталған оқу ордаларында қатар оқып, халықаралық стандарттық үлгідегі екі диплом алып шығады. Бұл жүйе оқу бітіруші түлектеріміздің табысты жұмыс орындарына орналасуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің 15 бірінші курс студенттері Өзбекстан астанасындағы «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ғылыми зерттеу университетінде оқуын жалғастыруда. Жоғары білім беру мен ғылым саласындағы екіжақты халықаралық ынтымақтастықты кеңейту аясында KazNARU базасында «ТИАШМИИ» ҒЗУ филиалын құру жұмыстары қызу жүргізілуде. Алдағы оқу жылында филиал алғашқы студенттерін қабылдайды.
Шын мәнісіндегі «цифрлық университет» құру аясында Қытайдың ауыл шаруашылығы университеті, Dayu Irrigation Group Co., Ltd компаниясымен бірлесе су ресурстарын ақылды басқару үшін «Халықаралық цифрлық зертхана», Ланьчжоу университетімен бірге «Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы» орталығын, су бағыты бойынша АҚШ-тың Небраска-Линкольн университетімен EXTENSION service орталығын құру жөніндегі келісімдер жасалынды. Аталған жобалар жас маман-ғалымдарымыздың ең озық әлемдік тәжірибені игеруіне және осы нысандарда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына жол ашатын болады.
Бітіруші магистранттар жоғары білім алуға бар мүмкіндікті жасап, ғылымға баулыған университет басшылығы мен профессор-оқытушыларға өз алғыстарын білдіріп, докторантурада оқуын жалғастыруға, Жаңа Қазақстанның ғылымын өркендетуге, еліміздің ырысын еселеуге өз үлестерін қосатындарына сендірді.
Ақ жол сіздерге, құрметті түлектер!
KazNARU Баспасөз қызметі.