KazNARU

ҒАЛЫМДАР НАЗАРЫНДА – СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗ БАСҚАРУ

✅ 2024 жылдың 27 шілдесінде Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында «Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы: су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару» атты тақырыппен «Егінжай күні» ғылыми-практикалық семинары өткізіліп, еліміздегі су тапшылығының негізгі себептері, оның ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне әсері және қордаланған мәселені шешу жолдары кеңінен талқыланды.

✅ Ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті.

✅ Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, ҚазҰАЗУ басшысы Ақылбек Күрішбаев, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев қатысып, сөз сөйледі.

✅ Сондай-ақ, семинар кеңеске егіншілік, су, ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен жетекші ғалымдар, сарапшылар, ірі кәсіпкерлер мен агробизнес өкілдері қатысты.

✅ «Су проблемасы бойынша дала семинар-кеңесі бізде мұндай форматта алғаш рет өткізілуде. Бұл тақырыптың өзектілігі бәрімізге айқын. Қазақстан үшін су проблемасы аса маңызды мәселе болып табылады. Су тапшылығы проблемасын шешу үшін ең алдымен, заңнаманы жетілдіруіміз қажет, ғылыми зерттеулерді дамыту, инфрақұрылымға инвестиция тарту, халыққа көбірек ақпарат тарату және мемлекет, ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты қамтитын кешенді тәсіл қажет. Бұл ретте, ғылымның рөлі зор: ғалымдар жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізуде, су ресурстарының жай-күйін бақылауда, ықтимал тәуекелдерді болжауда шешуші рөл атқарады», - деген ҰҒА Президенті, академик Ақылбек Күрішбаев бірқатар күрделі мәселені ортаға салды.

1). Қазақстандағы су мәселесі: біз әлемдегі ең аз қамтылған елдердің қатарына жатамыз. Сонымен қатар, елдің су ресурстарының жартысына жуығы мемлекеттен тыс жерде қалыптасады. Дүниежүзілік банк сарапшыларының деректері бойынша 2030 жылға қарай Қазақстанның су ресурстарының көлемі 15% - ға қысқарады, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін басты қатерлердің біріне айналады.

2). Су ресурстарының негізгі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы, яғни елдің жалпы су тұтыну көлемінің шамамен 70 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Егер біз кешенді түрде су ресурстарын тиімді басқаруды үйренсек, онда су тұтыну көлемін кемінде 50 пайызға қысқартып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 1,5 есе арттыра аламыз. Бұл теория емес, бұл біздің озық шаруашылықтарымыздың нақты көрсеткіштері. Мұның бәрін сіздер бүгін тәжірибе алаңдарында көрдіңіздер.

3). Бізде су ресурстарына деген ысырапшылдық әлі бар. Бұған келесі сандар дәлел: біздегі арналардың 78 пайызы әлі күнге дейін топырақтан қазылған. Соның кесірінен ағын судың шамамен 40 пайызы тұтынушыға жеткенше жерге сіңіп кетеді. Суармалы жерлердің тек 20 пайызында су үнемдеу технологиялары қолданылады, оның ішінде тамшылатып суару тек 5,4 пайызға тең. Яғни, бұл суды ұтымсыз пайдалану әдісі. Жалпы ішкі өнімнің 1 долларына шаққанда біздің еліміз Ресейден 3 есе және АҚШ-тан 6 есе көп су жұмсайды. Суармалы жерлердің жай-күйі тіптен қиын. 1991 жылмен салыстырғанда олардың ауданы үштен бірге қысқарды немесе 846 мың гектардан астам жер айналымынан шығарылды, бұл негізінен судың жетіспеушілігінен және олардың мелиоративтік жағдайының нашарлауынан болып отыр.

4). Мамандардың тапшылығы. Қазіргі уақытта нарыққа 800 адам қажет болса, жыл сайынғы ЖОО шығатын мамандардың саны 100-ден аспайды. Елімізде су саласы үшін орта буын мамандарын даярлау жүйесі іс жүзінде жоқ, саланың қажеттілігі 2000 адам болса, бізде жыл сайын 100 гидротехниктен аспайтын 5 колледж ғана бар. Тағы бір олқылық – мамандардың біліктілігіне қатысты жүйенің болмауы, соның салдарынан су пайдаланушылар суды ұтымды пайдаланудың заманауи әдістері мен технологияларын меңгере алмайды.

5). Қолданыстағы мәселені кешенді түрде жұмыс жүргізу қажет. Қазіргі уақытта су саласындағы қолданыстағы бағдарламалық құжаттар негізінен мекеме деңгейіндегі сипатта және экономиканың басқа салаларымен байланысты емес, тек жергілікті мәселелерді шешуге бағытталған,. Министрліктер арасында тиісті деңгейде байланыс жоқ, сондықтан қабылданатын шаралардың шалағайлығы және жұмыс нәтижесінің тиімділігі төмен болып отыр.

✅ Іс-шара аясында вице-министрлер, облыс әкімдері, ауыл шаруашылығы саласындағы көрнекті ғалымдар, бизнес, өндіріс өкілдері және мемелкеттік құрылымдардың жетекшілері инновациялық ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу, өзара ынтымақтастықты қолдау және ғылыми-техникалық прогрессті дамыту бойынша баяндамаларын ұсынды.

✅ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың озық су үнемдеу технологияларын жылына 150 мың гектарға дейін енгізуді жеделдету туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі мемлекеттік органдармен келісім бойынша 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі Жол картасын бекіткені хабарланды.

✅ «Жол картасы су үнемдеу, тариф белгілеу жүйесі, су саласын цифрландыру бөлігінде су заңнамасын жетілдіру, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетіктері, кәсіпорындарда суды есепке алудың, айналымды және қайта сумен жабдықтаудың қазіргі заманғы жүйелерін енгізу, су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, тұрғын үй-коммуналдық жүйелерді салу және пайдалану, қоғамда суға ұқыпты қарауды насихаттау және тәрбиелеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.

✅ «Егінжай күнінде» ғалымдардың суды үнемдеу және су ресурстарын басқару саласындағы ең жаңа әзірлемелері ұсынылды. Жаңа техноглогияларды Қазақстанның ауыл шаруашылығына оның тиімділігі мен климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру үшін енгізуін тездету, жоғарыдан қолдау да кезек күттірмейтін мәселе екені айтылды.

✅ «Бүгін бәрімізге пайдалы әңгімелесу мен еркін пікір алмасу болды деп ойлаймын. Ең алдымен, барлық спикерлерге айтқан пікірлерімен ұсыныстары үшін алғыс білдіремін. Барлық ұсыныстарды Ғылым академиясы мұқият зерделеп, болашақта ғылыми зерттеулердің тақырыптарын әзірлеу үшін пайдаланылатын болады, сондай-ақ басқару шешімдерін қабылдау барысында және Үкімет пен мемлекеттік органдарға ұсыныстар дайындау кезінде ескереді. Еліміздің ғылыми ұйымдары қазіргі және болашақтағы проблемаларды шешуде фермерлеріміздің, еліміздегі су саласының қызметкерлердің шынайы серіктесі бола алатынына сенім білдіргім келеді», - деді семинар кеңесті қортындылаған Ақылбек Күрішбаев.

✅ Кеңеске қатысушылар су, егіншілік және өсімдік шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жетістіктерінің көрмесін тамашалап, су шаруашылығында заманауи ресурс үнемдеуші технологияларды белсенді енгізуге бастамашы болған ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник