KazNARU БАЗАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АГРОТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ЛАНДШАФТЫҚ СӘУЛЕТ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Бұл еліміздегі жетекші зерттеу жоғары оқу орны және аграрлық білім мен ғылымның көшбасшысы – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Қытайдың Хэнань ауылшаруашылық университетінің қатысуымен ашылған Қазақстандағы тұңғыш ландшафттық сәулет ғылыми-зерттеу орталығы.
Хэнань провинциясы – 100 млн-ға жуық халқы бар аса ірі өлке саналатын, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған қарқынды даму үстіндегі Қытайдың негізгі аймақтарының бірі. KazNARU басшылығы осы провинциядағы ғылым-білім ұйымдарымен аграрлық ғылым мен білімді дамыту және озық идеялар мен тамаша тәжірибелермен бөлісу мақсатында соңғы жылдары көптеген кездесулер өткізіп келеді.
Атап айтқанда, 2023 жылдың наурыз айында KazNARU мен Хэнань ауылшаруашылық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын.
2023 жылғы 15 маусымда KazNARU басшысы Ақылбек Күрішбаев Хэнань провинциясы Білім департаменті директорының орынбасары Дяо Юхуа бастаған делегациямен кездесіп, жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын бірлесе даярлау және ғылыми-зерттеу мәселелерін талқылады.
2024 жылдың 31 қаңтарында KazNARU Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов Хынань Аграрлық университетінің Ветеринарлық медицина факультетінің деканы Ждаң Лоңщиян және ғалымдармен бейнеконференция өткізді.
«Ал 2024 жылы наурыз айында мен ректордың тапсырмасымен Хэнань ауылшаруашылық университетіне арнайы іссапармен барып қайтқан болатынмын. Осы сапар аясында біздің оқу орындары мен ғылыми мекемелер арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту туралы бірнеше маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Хэнань ауылшаруашылық университетінде магистранттар мен докторанттарды оқытып дайындау үшін 30 гранттың бөлінуі де сол ынтымақтастық байланысымыздың тереңдей түскенін көрсетеді. Бүгінгі ашылып отырған Қазақстан-Қытай халықаралық агротехнологиялар және ландшафтық сәулет ғылыми-зерттеу орталығы екі елдің білімі мен тәжірибесін біріктіретін инновациялық платформаға айналатына сенімімз мол. Мұндай ландшафттық сәулет ғылыми-зерттеу орталығы елімізде тұңғыш рет ашылып отыр», - деп атап өтті Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Өз кезегінде делегация жетекшісі, Хэнань провинциясының Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті Директорының орынбасары Су Сяохун ханым өзара байланыстарды тереңдету, ауыл шаруашылығындағы инновациялық және технологиялық жетістіктерді бірлесе пайдалану, жоғары оқу орындары арасында білім беру бағдарламалары бойынша бірлескен жобаларды жүйелі іске асыруды қолдайтынын білдірді.
Кездесу барысында KazNARU мен Хэнань ауылшаруашылық университеті арасындағы академиялық алмасулар мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан-Қытай халықаралық агротехнологиялар және ландшафтық сәулет ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы Меморандумға қол қойылды.
Аса маңызды құжат аясында болашақта қала экологиясы, ландшафтты жоспарлау/дизайн, экологиялық қызметті жаңа деңгейге көтеру, қалалық жасыл кеңістіктер мен көп ауқымды жасыл инфрақұрылымды, аймақтарды ландшафттық жоспарлау, қаладағы климаттың өзгеруі, су ресурстарын басқару, табиғи экологияны қорғау және басқа бағыттар бойынша бірлесіп қызмет жасау көзделген.
Сонымен қатар, тараптардың қатысуымен KazNARU базасында Қазақстан - Қытай бірлескен халықаралық ветеринариялық медицина және азық-түлік қауіпсіздігі зертханасын ашу туралы келісімге қол қойылды. Елімізде бұл зертхананың ашылуы жануарлардың денсаулығын жақсарту, мал ауруының алдын алу және аймақтағы биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша инновациялық шешімдерді дайындау мен енгізудегі маңызды қадам болып отыр.
Үшінші бір жаңалық – университетімізде Қытай тілін дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Бұл Тіл орталығы екі елдің білім беру саласындағы озық тәжірибелерді зерделеу және бөлісу, сондай-ақ ғылыми және мәдени байланыстарды дамытудың бірегей алаңына айналатындығына сенім білдірілді.
Кездесуге Қытай тарапынан Хэнань провинциясы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының білім, ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау Комитетінің төрағасы Ван Сяопин, Хэнань провинциясы халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитеті Бас хатшысының орынбасары Лю Синьжун, Хэнань ауылшаруашылық университетінің Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің директоры Ту Кы, ғалымдар мен құрылым жетекшілері, KazNARU тарапынан проректорлар мен декандар, профессор-зерттеушілер қатысты.
KazNARU Баспасөз қызметі