KazNARU ӘСКЕРИ КАФЕДРАCЫНЫҢ ЖАС ОФИЦЕРЛЕРІ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ
Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тарихы 1946 жылдан басталатын әскери кафедрадасын бітірген 349 студент «запастағы лейтенант» атағын иеленіп, әскери ант қабылдады.
Әскери кафедраның бастығы, запастағы полковник Еркін Адильбековтың айтуы бойынша, биыл әскери кафедраны 569 студент тәмамдады, олардың ішінде жоғарыда айтылғаннан бөлек 220 студент «запастағы сержант» әскери атағына ұсынылды. Сонымен қатар, «Автомобиль бөлімшелерін қолдану» әскери-есептік мамандығы бойынша білім алған студенттерге ҚР Қорғаныс Министрлігінің Әскери-техникалық мектебімен жасалған меморандум бойынша жүргізуші куәліктерін алуға сертификаттар табысталды.
Әскери кафедраданы бітірген студенттерді университет басшылығы атынан KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары Айтжан Абдыров Ант қабылдау күнімен құттықтап, сәт сапар тіледі.
«Құрылған күннен бастап, университетіміздің әскери кафедрасында мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында 25 мыңға жуық запастағы офицерлер дайындалды. Олар еліміздің Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде және де басқа күштік құрылымдарда абыройлы қызмет атқаруда. Сіздер де өздеріңіздің негізгі мамандықтарыңызбен қоса әскери мамандықты да меңгеріп шықтыңыздар. Сіздерге ақ жол тілей отырып, еліміздің мобилизациялық резервіне қажет болған жағдайда әскери борыштарыңызды аман-есен атқаруға тілектестік білдіремін!»,- деді Айтжан Абдыров.
Жоғары оқу орнына түскен әрбір жастың арманы – жан-жақты терең білім алумен қатар, Отан алдындағы борышын өтеуге мүмкіндік беретін әскери мамандықты қоса алып шығу екені заңдылық. Алматы қаласында мұндай алғашқы әскери дайындықтан өткізе алатын 7 ЖОО ғана бар. Солардың ең ірісі – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі Әскери кафедра.
Қазіргі таңда KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаевтың қолдауымен әскери кафедрада көптеген елеулі өзгерістер іске асырылды: оқу материалдық-техникалық базаны жетілдіру үшін автомобильдер паркі жаңартылды, оқу аудиториялары, ветеринарлық зертхана және жаңа кітапхана заман талаптарына сәйкес қайта жабдықталды.
Мемлекеттік грантпен түскендер Әскери кафедрада тегін оқиды. Ал, ақылы негізде түскен студенттер белгіленген тариф бойынша төлем жасап, оқи алады.
KazNARU қабырғасында білім ала жүріп, офицер немесе сержант атанғысы келетін кез-келген талапты жастарға, әрі қыздарға да есігіміз әрқашан ашық!
KazNARU Баспасөз қызметі