KazNARU

БИОТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТ: БОЛАШАҚТЫҢ МАМАНДЫҒЫН ДАЯРЛАУ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ

✅ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті басшылары мен Қытай Халық Республикасының Тайань қаласынан келген делегация мүшелері арасындағы кездесуде биотехнология және цифрлық интеллект саласындағы мамандарды бірлесе даярлау, АӨК саласы үшін инновациялық биотехнологиялық өнімдерді әзірлеу және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріске енгізу мәселелері талқыланды.

✅ KazNARU Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов соңғы жылдары университет басшысы, ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаевтың бастамасымен Қытайдың ғылыми-білім ұйымдарымен, ірі аймақтарымен, провинциялар өкілдерімен аграрлық ғылым мен білімді дамыту, озық идеялар мен тәжірибелерді алмасу мақсатында көптеген кездесулер өткізіліп келе жатқанын атап өтті.

✅ «Бұл кездесулердің оң нәтижелері аз емес. Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев әлемнің күрт өзгергенін, цифрландыру, ІТ технология, биотехнология, жасанды интеллект заманы басталғанын, жалпы қоғамының санасы жаңа деңгейге көтерілгенін айта келіп, өркениет ағынына ілесу үшін ғылымда түбегейлі реформа жасау туралы міндеттер белгіленген болатын. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында, KazNARU базасында Қытайдың Ланьжоу университетінің қолдауымен «Халықаралық ақылды ауыл шаруашылығы орталығы», Хэнань ауылшаруашылық университетінің қатысуымен Қазақстандағы тұңғыш «Агротехнологиялар және ландшафттық сәулет ғылыми-зерттеу орталығы», күні кеше «Қазақстан-Қытай қуаңшылық өңірлерде суды барынша тиімді пайдалану жөніндегі халықаралық зертхананың» ашылу салтанатын өткіздік. Енді сіздермен бірге биотехнология, цифрлық интеллект саласындағы тағы бір жаңа орталық құру және осы салада бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауды талқыламақпыз. Біздің әріптестік байланыстарымыз екі елдің арасындағы экономикалық қарым-қатынас қана емес, ғылым-білімді дамытуға да ерекше серпін береді деп сенеміз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Қазір экономикада, оның ішінде өндірісте, аграрлық және басқа салаларда күн сайын инновациялық жаңалықтар енгізілуде. Сарапшылардың айтуы бойынша, дамыған мемлекеттерде 75 пайыздан жоғары кіріс интеллектуалдық еңбектен, 25 пайызы мұнай-газ материалдық саладан келіп жатыр. Жасанды интеллект, нанотехнология, биотехнология игіліктері ел экономикасының дамуы¬на әсер етумен қатар, осы мақсатта қызмет жасайтын болашақ мамандық иелеріне деген сұранысты арттыруда.

✅ ҚХР делегациясының басшысы, Тайань қаласы партия тобы хатшысының орынбасары, кадрлар және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің Бірінші хатшысы Чжоу Мин өз қаласындағы қытай компаниялары мен университеттердің агроөнеркәсіп саласында серіктес ретінде ауылшаруашылық инженериясы, ғылым, ауылшаруашылық бизнесі, жасанды интеллект, биотехнология, тамақ өнеркәсібін дамыту барысындағы ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ, делегация сапарының келген мақсатын жеткізді.

● Өзара тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ҚХР Стипендиялық бағдарламалары шеңберінде докторанттар мен магистранттарды бірлесіп даярлау;

●Ауыл шаруашылығы үшін бірлескен ғылыми-практикалық жобаларды іске асыру, АӨК үшін инновациялық биотехнологиялық өнімдерді әзірлеу және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріске енгізу, микроэкология және цифрлық интеллект саласындағы мамандарды даярлау және қайта оқыту бойынша «Қазақстан-Қытай аграрлық Биотехнология және цифрлық интеллект орталығын» құру перспективасын талқылау (құрылтайшылар: KazNARU және Shandong Baolai Leelai Bio-Tech Co., Ltd.);

●KazNARU базасында Shandong Baolai Leelai Bio-Tech Co., Ltd. компаниясымен бірлесіп, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына арналған микроэкологиялық өнімдер өндіретін тәжірибелік-өнеркәсіптік кәсіпорынын құру мүмкіндігін талқылау.

✅ Кездесу барысында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен

Shandong Baolai Leelai Bio-Tech Co., Ltd. Компаниялар тобы арасында ғылыми-зерттеу, өндірістік және білім беру қызметі саласындағы ынтымақтастық пен серіктестік орнату туралы Шартқа қол қойылды.

✅ Кездесуге Қытай тарапынан Тайань қалалық партия комитетінің Ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ген Цзиан, партия тобының мүшесі, Тайань қаласының Ғылыми-техникалық бюросы директорының орынбасары Хе Тьсин, партия комитетінің хатшысы, Ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық өнеркәсібінің демонстрациялық секторының басшысы Хе Тао, партия комитетінің хатшысы, Shandong Baolai Leelai Bio-Tech Co., Ltd. атқарушы Вице-президенті Чень Лэй және бірқатар лауазымды құрылым басшылары, ғалым-зерттеуші Александр Курденко, KazNARU тарапынан проректорлар мен декандар, ғалымдар мен құрылым жетекшілері қатысты.

✅ Мәртебелі қонақтар KazNARU базасындағы ғылыми-зерттеу орталықтары мен Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметімен танысып, университеттің инфрақұрылымдық дамуы мен білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жоғары баға берді.

KazNARU Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник