KazNARU СТУДЕНТТЕРІ ҮШІН АДАЛДЫҚ САҒАТЫ ДӘРІСІ ӨТКІЗІЛДІ
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қызметкерлерінің қатысуымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі студент жастар үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері» тақырыбында адалдық сағаты дәрісі ұйымдастырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департамент басшысының бірінші орынбасары Жарқын Ғалымов кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылатынын және бұл кеселге тосқауыл қою мемлекетіміздің басты ұстанымының бірі екендігіне тоқталды.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
«Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі – осы зұлымдықпен қоғам болып күресу болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» деген тапсырмасы әрқашан назарда болуға тиісті», - деді спикер Жарқын Ғалымов.
Елімізде әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу барысында кездесіп отырған қиыншылықтардың басты себебі осы – сыбайлас жемқорлық. Ол мемлекеттік органдардың және қызметтік ұжымдардың толыққанды жұмыс атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.
KazNARU Басқарма Төрағасы–Ректордың орынбасары, педагогика ғылымдарының докторы Айтжан Абдыров бүгінгі заман талаптарына сай жоғары білім беру сапасына қол жеткізе отырып, әділетті университет құру жолында оқу ордасында әлеуметтік-құқықтық келеңсіз құбылыспен белсенді күрес жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
«Болашақ мамандарымыз агроөнеркәсіптік кешен, IТ-технология, энергетика, логистика, орман, жер, су, табиғат ресурстарын пайдалану, бизнес және басқару салалары бойынша жан-жақты білім алуда. Осы орайда, студенттерге құқықтық тәрбие бойынша осындай дәрістер өткізу дәстүрге айналған. Бізге арнайы келіп, өркениетті қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ екендігін жастарға түсіндіріп бергендеріңіз ұшін университет басшылығы атынан алғыс білдіреміз», - деді Айтжан Абдыров.
«Адалдық сағаты» студенттердің сауал қоюымен өте қызықты және еркін әңгіме түрінде өтті. Барлық қойылған сұрақтарға толық жауаптар қайтарылды. Дәріске Университеттің Аппарат жетекшісі Жазира Базарбаева, Комплаенс-офицер Мақсат Иманбеков, оқытушылар мен білім алушылар қатысты.
KazNARU Баспасөз қызметі