KazNARU

KazNARU-да «ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ПІКІРТАЛАС ӨТТІ

✅ Биылғы 6 қазанда Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Онда еліміздегі атом энергетикасын салуды жақтаушылар мен қарсыластар арасындағы дауға нүкте қойылмақ.

Осыған орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Энергетика және электротехника» кафедрасының ұйымдастыруымен «Экология және атом энергетикасы» тақырыбында пікірталас болып өтті. Іс-шара аясында Қазақстан энергетикасының болашағы мен атом энергетикасының климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі рөлі талқыланды.

✅ «Инженерлік технологиялар» факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ләззат Әлдібаева өзінің алғы сөзінде атом энергетикасы, экологиялық таза энергия көздерінің бірі ретінде, көптеген қайшылықтарды тудыратыны заңдылық екенін атап өтті.

Бұл арада АЭС-ті қолдаушылар жағы көміртегі отынын азайтудың маңыздылығын және тұрақты энергиямен қамтамасыз етуді атап көрсетеді, ал қарсыластар Чернобыль мен Фукусима сияқты апаттардың ықтимал қауіптері мен салдарын еске салады.

✅ Тыңдаушылар PhD, «Энергетика және электротехника» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әлібек Несіпбек Бақбергенұлының «Атом электрстанциясының артықшылығы мен кемшілігі», техника ғылымдарының кандидаты, «Энергетика және электротехника» кафедрасының профессоры Хазимов Марат Жалелұлының «Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесiнiң жай-күйi» деген тақырыптағы баяндамаларын қызыға тыңдады.

✅ Сонымен қатар, пікірталасқа шыққан екі тарап атом электр станцияларының қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығын қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды қолдану қажеттілігіне баса назар аударды.

Шынында да, бұл маңызды дебат атом энергетикасы тақырыбы үлкен қызығушылық тудыратынын және экология, қауіпсіздік және экономикалық пайда тұрғысынан мұқият талдауды қажет ететінін көрсетті.

✅ Үлкендермен бірге, қатысушы студенттер проблеманы терең түсініп, Қазақстан энергетикасының болашағын айқындайтын референдум қарсаңында саналы шешімдер қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

Бұл пікірсайыс – біздің өскелең жас ұрпақ еліміздің тұрақты дамуына ықпал ететін жаһандық проблемаларды шешуге белсенді қатысуға дайын екендігін көрсетті.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник