АЛМАТЫҒА ҚОШ КЕЛДІҢ, ЖАС СТУДЕНТ!
Өз туған мекенінен басқа қалаға келіп, жоғары оқу орнына түскен әрбір жастың алғашқы қадамы сынаққа толы болатыны рас. Жаңа ортаға тез үйренісіп кету де оңай емес.
Осындай сындарлы сәтте, Алматы қаласының жоғары оқу орындарының бастамасымен іске қосылған «Қош келдің, студент!» жобасы жаңа студенттер арасындағы мәдени алмасу мен өзара түсіністікті дамытуға айырықша ықпал ететіні анық.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Жастар ісі жөніндегі комитеті және студенттік клубтар, шығармашылық үйірмелер, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсене қатысуымен 1 курс студенттерін оқу ордамыздың тыныс-тіршілігімен таныстыру апталығы болып өтті.
KazNARU Жастар ісі жөніндегі комитеттің жетекшісі Әшірәлі Сманов еліміздегі аграрлық саладағы ең үздік, жетекші оқу орны саналатын ұлттық университеттің QS халықаралық рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда 5-ші орын алатын таңдаулы білім ордасы екенін атап өтіп, жас студенттерге табыс тіледі.
Жаңа оқу жылында университетімізге 1500-ге жуық мемлекеттік грант иегері қабылданды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп. Олардың арасында 9 «Алтын белгі», 36 «Қызыл аттестат» иегері, спорт шеберлері мен көп тілді меңгерген алғыр жастар бар.
«Бүгінде университетімізде Басқарма Төрағасы - Ректор Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының басшылығымен сіздердің терең білім алуларыңыз үшін барлық қажетті жағдайлар жасалынған. Жайлы жатақханалар, заманауи оқу корпустары, жаңа технологиямен жабдықталған ғылыми-зерттеу орталықтарының есігі айқара ашық. Біздің университет Алматы қаласында студенттерін жатақханамен қамтамасыз еткен жалғыз оқу орны. Сонымен бірге, сіздер шет елдердің озық университеттерінде білім жетілдіріп, тәжірибе жинақтап, екі дипломға ие болу мүмкіндігіне ие болып отырсыздар. Жүз жылға жуық тарихы бар қара шаңыраққа қош келдіңіздер! Қадамдарыңыз құтты болсын!», - деді Әшірәлі Сманов.
KazNARU психолог маманы Ләйла Бейсембаева студенттерді оқу жылының басталуымен құттықтап, «жаңа буынға» оқу ордасындағы «Психологиялық қолдау қызметінің» негізгі бағыттарын атап көрсетті.
Бұдан кейін көшбасшы студенттер өз ұйымдарының жетістіктерін мазмұнды презентациялар арқылы жан-жақты көрсете отырып, қызықты ақпараттарын ортаға салды.
Олар университетте «Зиялы қазақ» дебат клубы, «Englısh wıth me» ағылшын клубы, «Саналы ұрпақ» клубы, «Шабыт» әдеби-шығармашылық бірлестігі, «Аялы алақан» қайырымдылық клубы, «Шапағат» жастар бірлестігі, «Жасыл ел» еңбек жасағы, «Зейін» оқырмандар клубтарымен бірге студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған КВН, «Алтын дән» вокалды-аспапты ансамблі, «Қазына» би тобы, «Albeni’s» театрландырылған командасы, домбырашылар ансамблі, мерекелік шараларды жүргізушілерді дайындау үйірмелері белсенді жұмыс жасап келе жатқанын жеткізді.
Жастардың жоғары білім ала жүріп, Отан алдындағы борышын өтеуге мүмкіндік беретін Әскери кафедра жұмыс жасайтыны айтылды. Алматы қаласында мұндай мамандандырылған Әскери кафедра 7 ЖОО-да ғана бар.
«Қош келдің, студент!» жобасы аясында бірінші курс студенттері үшін Алматы қаласының көрікті жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырылып, факультеттер мен оқу корпустарының ерекшеліктері таныстырылды. Университет табалдырығын енді аттаған студенттердің көңіл-күйлері көтеріліп, осындай заманауи оқу ордасында білім алуға деген құштарлығы мен сенімдерін оятты.
Акт залындағы үлкен кеш барысында қазақтың күйі күмбірлеп, әндері шырқалды.
KazNARU Баспасөз қызметі.