ҚазҰАЗУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСТІ
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің еңбекақысы 20 пайызға көтерілді.
Осылайша, ҚазҰАЗУ-дың профессор-оқытушылар құрамының жалақысы ішкі үнемделген қаржылардың есебінен, соңғы екі жылда кезең-кезеңімен 120 пайызға өсті. Жалақының өсу көрсеткіші бойынша біздің университет басқа ЖОО-ның арасында жетекші орынға шықты.
Университет қызметкерлері мен білім алушыларға арналған әлеуметтік нысаналы көмекті күшейту - басты назарда. Арнайы ашылған әлеуметтік дүкенде күнделікті тұтынатын нан-сүт, азық-түлік тағамдары қаладағы басқа сауда орындарына қарағанда 10-15 пайызға төмен бағамен сатылады, сонымен қатар қызметкерлер мен студенттер үшін фермерлік қожалықтардан тікелей ауыл шаруашылығы өнімдері (ет, май, картоп, көкөніс, жеміс-жидек т.б.) көтерме сауда бағасымен жеткізілуде.
Студенттердің өтініші бойынша жақын арада арнайы әлеуметтік дәріхана іске қосылады, дәрі-дәрмектердің бағасы басқа дәріханалармен салыстырғанда арзан, қол жетімді болады.
2023 жылдың 1 қарашасынан бастап, кәсіподақтың мүшелері болып саналатын ПОҚ пен барлық қызметкерлерді Алматы қаласы ішіндегі қоғамдық көліктерде тегін жүру билетімен қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылданған болатын. Қызметкерлердің ай сайынғы жол-шығындары «ОҢАЙ» жеке карточкаларына аударылып келеді.
Қазіргі уақытта KazNARU өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесіне көшті. Университет базасында ағаш, пластик материалдардан оқу орнына қажетті бұйымдар жасайтын шеберхана цехы, жаңа іс машиналарымен жабдықталған тігін цехы іске қосылған. Нәтижесінде барлық жатақханалардығы төсек-орын жабдықтары, матрацтар мен жамылғылар, терезе перделері толықтай жаңартылды.
KazNARU - Алматы қаласындағы өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет. Жайлы да жарық тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары заман талабына сай жабдықталған. Студенттерге қажетті жиһаздар, тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналары, электр-газ плиталары қойылған.
«Қазақ-Строй» ЖШС-мен ынтымақтастық шарт негізінде 9 қабатты, 450 орындық жаңа студенттік жатақхана, студенттер үшін медициналық орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мұндай жатақхана салу жұмыстары соңғы 30 жылда жүргізілмеген.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта жеке қолға өтіп кеткен университет активтерін кері қайтару жалғасуда. Мысалы, №6 студенттік жатақхана өткен жылы тұрғын үй қорына қайтарылып, қосымша 280 студент баспаналы болды. Кезінде «Шаһ» атты мейрамхана мен офис ретінде жеке кәсіпкерге қызмет жасап келген №3 студенттік жатақхана да кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл мақсатқа университеттің бюджетінен 160 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Мұндай жөндеу жұмыстары соңғы 20 жылда жүргізілмеген. «Ритм Строй ЭК» ЖШС көмегімен жатақхананың сыртқы және ішкі кеңістігі толық жаңғырды: тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары жаңаша дизайнмен өрнектелді, қажетті жиһаздар, мұздатқыштар, кір жуғыш машиналары мен газ плиткалары қойылды. Нәтижесінде заманауи келбеттегі 200 бөлме – студенттерге, 100 бөлме – магистранттар мен жас ғалымдардың игілігіне берілді.
Оқу ғимараттарының шатыры толығымен жаңартылып, жылыту жүйесін ауыстыру жұмыстары аяқталды. Бұндай ауқымды құрылыс жұмыстары соңғы 20 жылда мүлде жүргізілмегенін атап өткен жөн.
Спорттық нысандар салуда мол тәжірибесі бар «Atlant systems» құрылыс компаниясымен келісімшарт негізінде университетке 140 млн теңге инвестиция тартылып, оқу орнымыздың стадионы заманауи үлгіде жаңғыртылды. Нәтижесінде жазғы футбол алаңы, бір жабық мини футбол алаңы, жүгіру жолағы, ұзындыққа секіру алаңы, киім ауыстыру бөлмелері, 150 орындық трибуна білім алушылар игілігіне берілді.
Біздің басты мақсатымыз – оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу. Сондықтан KazNARU құрамына ауыл шаруашылығы министрлігінің 4 ірі ғылыми-зерттеу институты және бір тәжірибелік шаруашылық қосылуы – халықаралық зерттеу университетіне айналудың алғышарттарының бірі. Бұл - әлемдік үрдіс, дамыған елдердің озық тәжірибесі.
Жаңа 2024-2025 оқу жылында университетімізде «Су ресурстары және ІТ- технологиясы» факультеті құрылды, сонымен қатар «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің филиалы ашылып, алғашқы студенттерін қабылдады.
Сонымен қатар, Қытайдың ауыл шаруашылығы университетімен, Dayu Irrigation Group Co., Ltd компаниясымен бірлескен «Шөлейтті аймақтарда суды тиімді пайдалану Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасы» және Ланьчжоу университетімен бірлескен «Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығы» т.б. ғылыми-білім беру орталықтары құрылды.
Университетіміз 2023 жылы әлемдік «QS Asia» рейтингісі бойынша Орталық Азия үздік жоғары оқу орындары арасында 6 орынға, «QS Sustainability» рейтингісінде Қазақстан бойынша 5-ші орынға көтерілді. Университет ұжымы алдағы уақытта бұдан да биік межені бағындыруды көздеп отыр.
Біздің негізгі мақсатымыз – әлемдік талаптарға сай заманауи, әділетті университет құру. Соңғы екі жылда атқарылған түбегейлі өзгерістердің нәтижесінде оқу ордамыздың бәсекеге қабілеттілік тұғыры күшейді, алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі жетекші зерттеу университетіне айналатынымызға сеніміміз мол.
Баспасөз қызметі