KazNARU

KazNARU ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛЫ МІНДЕТТЕР ЖҮЙЕЛЕНДІ

✅2024 жылдың 2 қазанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің кезекті Ғылыми кеңесі өтті. Отырыс барысында 2023-2024 оқу жылында оқу үдерісінде атқарылған жұмыстарға есеп беріліп, жаңа 2024-2025 оқу жылында жасалынатын жұмыстардың бағыты айқындалды. Сонымен қатар инфрақұрылымды жақсарту, цифрландыру, педогогтер жүктемесін азайту мәселелері де қозғалды.

✅Ғылыми кеңестің төрағасы, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы Ғылыми Кеңесте қаралатын күн тәртібіндегі сұрақтармен ПОҚ мен кеңес мүшелерімен таныстырды. Университеттің оқу үрдісін жақсарту үшін білім сапасын арттыру, шетел тілдерін игеру үшін орталық ашылуы туралы, білім алушылардың оқудан шығарылуын қысқарту жолдарын қарастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті. ПОҚ мен білім алушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жүйелі жұмыс жүргізу, университетке инвестиция тарту туралы айтты.

✅ЖОО Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары Абдыров Айтжан Мұхамеджанұлы 2023-2024 оқу жылында атқарылған істердің негізгілерін тоқталды. Бұл санатта университеттің 5 жыл мерзімге Халықаралық инстуционалды акредитациядан сәтті өтуі, профессор-оқытушылардың білімін бейнелекциялар арқылы ұсыну мүмкіндігін беретін цифрлық студияның ашылуы, республикалық пәндік олимпиаданың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы, университетті аяқтаған жастарды жұмыспен қамту көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда жақсы нәтижеге ие болғаны бар. Ол жаңа оқу жылында университетті таңдаған талапкерлердің көбеюін де айта кетті.

✅Әрі 2024-2025 оқу жылына 127 оқу бағдарламасы жаңарғанына тоқталды. Нәтижесінде басқа жоғары оқу орындарына ауысу бойынша білім алушылар контингентінің қозғалысын бақылау және олардың оқудан шығарылуын қысқарту жолдарын қарастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі, оқытушылардың сабақтарының сапасын арттыру мақсатында комиссия құру және бақылауды қамтамасызыз ету, 33 білім беру бағдарламаларының аккредиттеуден кейінгі мониторингі рәсімінен өтуін және 27 білім беру бағдарламасының мамандандырылған аккредиттеу рәсімінен өтуін қамтамасыз ету жайы қаралды. QR коды арқылы білім алушылардың сабаққа қатысуын бақылауды күшейту, түлектерді оқудан кейін жұмысқа орналастыруды жетілдіру бағытында ірі агроқұрылымдардың базасында Дуалды оқытуды жүргізу үшін кәсіпорындар санын көбейту ұсынылды.

✅Университеттің цифрлық офицері Оразалина Зауре Замангазиевна баяндамасында ПОҚ және университет қызметкерлерінің цифрлық жетілуін мейлінше назар аударып, үйлкен деректермен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру қажетін айтты. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында желілік жабдықты, серверлік және есептеу техникасын жаңарту, Wi-Fi-енгізу, ҚКЖ-ті аяқтауды алға тартты. Әрі оқу үдерісінің процедураларын оңтайландыру мақсатында университеттің АЖ (ақпараттық жүйелері) интеграциялау үдерісін жалғастыру және AАЖ (атоматтандырылған ақпараттық жүйе) Platonus жүйесін жаңғыртуға тоқталды.

✅«Жоғары оқу орнымызда соңғы 4 - айда инфрақұрлымды жақсарту мақсатында жасалынған жұмыстар туралы ақпарат» ұсынған Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары Қуат Сұлтанғазиев жоспарлы істің жүйелі атқарылып отырғанына тоқталды. Ол құрылысы басталған 9 қабатты 450 орындық жаңа жатақхананың жертөле және бірінші қабаттарының қабырғалары монолит бетоннан құйылып, екінші қабатының жұмыстары басталғанына тоқталды. Жатақхананы пайдалануға беру мерзімі – 2025 жылдың мамыр айы. Инвестицияның көлемі 2,3 млрд теңгені құрайды. Бұл жобаның басты ерекшілігі инвестор аталған құрылысты басынан аяғына дейін толық өзі салып, дайын «кілтін» беретінінде. Сонымен қатар №9 жатақхананының күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Университет өз күшімен ғимараттың барлық пластикалық терезелері (170 дана) мен балкон есіктерін (132 дана) ауыстырып, 290 орынға жаңа жихаздар, жаңа газ плиталары, жаңа матрастар алып орналастыруда. Университеттегі дәрісхана, оқу ғимаратының шатыры жөндеу көріп, биылғы жылы оқу корпустары мен жатақханаларда бір жүйеде хабарландыру құрылғыларын орнату үшін жобалық сметалық құжаттамасы - 7,4 млн. тенгеге және «Байбұлақ» ауылындағы оқу-тәжірибе шаруашылығындағы «Ақылды жылы-жайдың» жобалық-сметалық құжаттамасы 31,0 млн. теңгеге әзірленуде. Қауіпсіздік қызметі бойынша университет аумағында барлық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіптік, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқаны және университет бойынша 9 ай ішінде 55 жалға алушы жұмыстарын жалғастырып, университет бюджетіне 157,5 млн. теңге көлемінде қаражат түсіргені де айтылды. Енді 2025 жылы №10 оқу корпусына 44,5 млн. теңгеге және №1 жатақханаға 33,2 млн. теңгеге жобалық сметалық құжаттарын әзірлеп күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

✅Күн тәртібінде қаралған аса маңызды тақырыптың бірі кафедра меңгерушілерінің педагогикалық жүктемесін азайту. Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі Департаменттің директоры Алпысбава Гүлмира Егизбаевна осы мәселе бойынша жасаған баяндамасында кафедра меңгерушілері өздерінің осы аталған негізгі міндеттерінен басқа 540-600 сағаттық педагогикалық жүктеме орындайтынын, бұл кафедраның және жалпы университет деңгейінде орындалатын жұмыстардың сапасына әсер ететінін алға тартты. Ол Университетте 3 деңгейлі білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды даярлауда 23 кафедра қызмет атқаратынын, соның ішінде 6 факультет құрамына кіретін 21 мамандандырылған кафедра және 2 жалпы университеттік «Жалпы білім беру пәндері» және «Дене тәрбиесі және спорт» кафедралары бар екені туралы мәлімет берді. Осы орайда жұмыс сапасын арттыру және кафедра қызметін ұтымды басқару мақсатында мамандандырылған кафедралар меңгерушілерінің педагогикалық жүктемесін 300 сағатқа және жалпы университеттік кафедралар меңгерушілерінің педагогикалық жүктемесін 270 сағатқа азайтуды ұсынды. Кеңес барысында дауысқа салынған мәселе оң нәтижемен шешімін тапты.

✅Жиын барысында ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне қауымдастырылған профессор, профессор атағын алуға үміткер ұстаз-ғалымдардың тізімі дауысқа салынды. Ғылыми кеңес мүшелері бір ауыздан олардың құжаттары қабылдансын деген шешімге келді.

Ғылыми кеңестің жұмысын қортындылай келе, кеңес Төрағасы, университет басшысы Ақылбек Күрішбаев университет қызметін одан ары дамыту мақсатында Ғылыми кеңес мүшелері қабылдаған тиісті шешімдерді басшылыққа алуды тапсырды.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник