KazNARU

KazNARU-да БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІ ҮШІН «СТУДЕНТТЕР ҚАТАРЫНА ҚАБЫЛДАУ» САЛТАНАТТЫ КЕШІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

✅Білікті маман, білімді ұрпақ – болашақтың тірегі, жүрегі. Содан да болар бүгінгі жастар арманында өзі таңдаған оқу орнының студенті атанып, оқуға түсу, абыроймен дипломын қолына алу жоспары бар. Ал оған жету көптің бәріне бұйыра бермейді.

✅2024 жылдың 16 қазанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бірінші курс студенттері үшін Алматының ең әсем «Бақшасарай» салтанат сарайында «Студенттер қатарына қабылдау» салтанаты ұйымдастырылды.

✅Университеттің басты мақсаты айқын, ол егемен еліміздің ертеңгі болашағы – студент жастарымызға сапалы, заманауи білім беріп, кәсіби, отаншыл, жаңа, әділетті Қазақстан құратын саналы азаматтарды тәрбиелеу. Оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу. Осы орайда, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы студенттерге салиқалы, салмақты білім алу керегін айтып, мерекелі күнмен құттықтады.

✅«Сіздер - бақытты ұрпақсыздар. Қазіргі ХХІ ғасыр – жаңалығы желмен жарысқан, ой-өрісі ғарышпен таласқан білімді жастардың ғасыры. Сапалы білім алу үшін талаптанып, зерек те зейінді, алғыр да білікті болатындарыңызға кәміл сенемін! Қазақтың бас ақыны Абай «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дейді. Еліміздің зияткерлік қуаты – ұлағатты ұстаздардан білім алудан жалықпаңыздар, оқыңыздар, талмай ізденіңіздер. Алтын ұямыз – университетіміздің мерейінің үстем болуы үшін, Өздеріңіз жоғары білікті маман болып шығуларыңыз үшін сабақты жақсы оқыңыздар, тәрбиелі, белсенді, адал, әділетті, тәртіпті болуға ұмтылыңыздар! Құрметті білім алушылар, КаzNARU-дың студенті деген атаққа ие болуларыңызбен тағы да құттықтаймын!» - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅Мерекелік салтанатты кешке белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшылары, профессор-оқытушылар, зиялы қауым өкілдері, университеттің ардагер ұстаздары, бітіруші түлектері, студент жастар мен ата-аналар қатысты.

✅Биылғы жаңа оқу жылында университетімізге 2132 студент қабылданды. Оның 1500-ге жуығы мемлекеттік грант иегері. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп. Олардың арасында 9 «Алтын белгі», 36 «Қызыл аттестат» иегері, спорт шеберлері мен көп тілді меңгерген алғыр жастар бар.

✅Студенттік өмірге алғаш аяқ басқан бірінші курс білім алушыларына символдық «Білім кілті» мен «Студенттік билет» тапсырылды. Артынша 6 факультет білімгерлері салтанатты түрде ант қабылдады.

✅Кеште университеттің өнерлі жастары мен эстрада әншілері, «Алтын дән» вокалды-аспаты ансамблі, «Albeni’s» командасының хор ұжымы, «Қазына», «One», «WaуB» бишілер тобы тағы басқалары өнер көрсетіп, ән-жырдан шашу шашты.

✅Алматының орталығындағы ең көрікті, ең әсем салтанат сарайында есте қаларлықтай әсерлі кеш ұйымдастырып, балғын жастарға тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлаған университет басшылығына бірінші курс студенттері өздерінің ризалышықтарын білдіріп, жүректен шығарған өлең-жырларын арнады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник