МӘН-МАҢЫЗЫ ТЕРЕҢ МЕЙРАМ: KAZNARU НАН КҮНІН АТАП ӨТТІ
2019 жылдың қыркүйек айында Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасының мерекелік күндер тізіміне өзгеріс енгізіліп, 16 қазан – Нан күні болып бекітілді.
Нан – ең маңызды, әрі сүйікті тағамдардың бірі. Барлық уақытта, барлық халықтарда нан ерекше құрметке ие болған және дастарқанның басында тұрған. Ал Қазақстан үшін нан – экспорттың маңызды көзі.
Мерекелік күн астық пен нан өнімдерінің мәртебесін нығайту, сондай-ақ қазақстандық диқандар, диірменшілер және наубайшылардың еңбегін құрметтеу мен мойындау мақсатында белгіленген.
Айта кету керек, 2006 жылдан бастап 16 қазан – Дүниежүзілік нан күні ретінде аталып өтеді. Көптеген елдерде бұл күні нан өнімдерінің көрмелері, аспазшылар, наубайшылар және кондитерлердің кездесулері, жәрмеңкелер, мастер класстар, халықтық мерекелер, сондай-ақ мұқтаж жандарға тегін нан тарату, қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар өтеді. Барлық тілек білдірушілер нанның әртүрлі сорттары мен нан-тоқаш өнімдерінің түрлерін татып қана қоймай, нанның пайда болу тарихы мен дәстүрлері, оның құрамына не кіретіні, қай жерде өскені, қалай пісірілетіні және тағы басқалар туралы біле алады.
18 қазанда «Инженерлік технологиялар» факультетінде «Тамақ өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасы «Ас атасы – НАН» тақырыбында нан күніне арналған іс-шара өткізді. Іс-шараны 4 курс студенттері: ТПРП-21-11К, ТПРП-21-12Р, ТПРП-22-09К және ТПРП-22-10Р ұйымдастырды.
Топтардың кураторлары: Боранбаева Тогжан Кенжетаевна, Муратбекова Қарлығаш Муратбекқызы. 3 және 4 курстар арасында конкурс, концерттік бағдарлама, сондай-ақ жәрмеңке өткізілді.
Бүгінгі таңда көптеген дәстүрлер ұмытылғанымен, нанға деген шынайы сүйіспеншілік, құрмет сақталып отыр. Сондай-ақ оған деген ұқыпты қарым-қатынас та жоғары мәнге ие. Өйткені ол бізді туғаннан бастап, қартайғанға дейін бірге алып жүреді. Бірақ нан үйімізге жетпес бұрын, ол үлкен жолдан өтеді (дәнді өсіруден, егін жинаудан ұн мен өнім өндіруге дейін), оған көптеген жұмысшы қолдар мен техника қатысады.
Сондықтан нанның өз мерекесінің болуы таңқаларлық емес. «Әлемде жайқалған масақтан артық гүл, жайқалған даладай бақ, жаңа піскен нанның иісінен артық хош иіс жоқ» – дейді халық даналығы.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі