KazNARU

ҚАЛАЛЫҚ «ДӘСТҮР КЕРУЕНІ» АТТЫ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДА KazNARU СТУДЕНТІ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ!

✅Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында 20 қазан күні Алматы ипподромында «Дәстүр керуені» атты ұлттық ойындардан қалалық сайыс өткізілді. Бұл күні көкпар, қазақша күрес, қол күрес, гір тасын көтеру, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ сынды спорттық ойындардан жарыс өтті. Қала жастарының басын біріктірген бұл шараның мақсаты – ата-бабадан мұра болған салт-дәстүрімізді дәріптеу, жас ұрпақ арасында ұлттық спорт ойындарын танымалдылығын арттыру.

✅Аталмыш спорт жарысына қаладағы жоғары оқу орындарымен бірге университеттен 200-ден аса білім алушы көрермен болып қатысты және бір топ спортшы студенттеріміз: «қазақша күрестен» Аманғазы Нұрасыл (ВМ 20-01к), Кабдракимов Жансанат (АТТ 24-01к); «Тоғызқұмалақ» ойынында Тоқтабақыт Диас (ЭО 24-09к) бақ сынады. Инженерлік технологиялар факультетінің 1 курс студенті Кабдракимов Жансанат жартылай финалға дейін күресті.

✅Ал «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің «Ветеринариялық медицина» білім беру бағдарламасы бойынша 5 курс студенті Нұрасыл Аманғазы боз кілемде қарсыласы болған 7 қатысушының бәрін айқын басымдықпен жеңіп, жүлделі 1 орынға көтеріліп, 200 мың теңге сертификатқа ие болды.

✅Нұрасылдың былтырғы жылы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы М.Шепетюктің 70 жас мерейтойына арнап өткізілген "Қазақша күрестен" қалалықтурнирде 81кг салмақта 3 орынға ие болғанын қуана хабарлаған болатынбыз.

✅Нұрасыл Аманғазы – университеттегі белсенді жастарымыздың бірі. Сабақты үздік оқумен қатар өнер, спортты қатар алып жүрген көшбасшы студент. Екі жыл қатарынан өз факультетінде студенттік декан, университеттегі «Жастар рухы» ұйымының үйлестірушісі, кейін Медеу ауданы бойынша осы ұйымның төрағасы болды. Белсенді білім алушы ретінде Атырауда өткен «Сенің сәтің!» республикалық форумына, Түркістан қаласында өткен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Студенттік кеңестің отырысына, Шымкент, Астана қалаларында ұйымдастырылған студенттік көшбасшылар слетіне қатысты.

✅Қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген бар, Нұрасыл сонымен бірге KazNARU-дың «Аграрка» КВН командасының капитаны ретінде талай рет республикалық ойындарда үздік өнер көрсетіп жүр.

Ол сабақтан бос уақытында белсенді ретінде Алматы қаласы Жастар саясатын дамытудың мемлекеттік қоры Медеу, Түрксіб аудандарының жастар ресурстық орталығында жұмыс жасап, өзін көрсете білді. Қазіргі таңда Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасына қарасты Алмалы комьюнити орталығының жетекші маманы ретінде студент жастардың әлеуметтік, мәдени, рухани және дене тәрбиесін дамыту жұмыстарын ұйымдастыруға тікелей қатысып келеді. Кешегі өткен жалпыұлттық референдумда да қалалық еріктілер тобына жетекші болып, жол көрсетті.

✅«Сегіз қырлы, бір сырлы» атанған Нұрасылдың осындай жетістігі артынан ерген жас буынға үлгі-өнеге. «Көшбасшы болсаң, Нұрасылдай бол!» дей отырып, аграрлық университеттің абыройын асырып, мерейін тасытып жүрген оған толағай табыс тілейміз! Жаса, Нұрасыл, алға, KazNARU жастары!

Біз сіздермен мақтанамыз!

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник