«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ KAZNARU ҚАБЫРҒАСЫНДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу уиверситетінде жалғасын тапты. «Тазалық табалдырықтан басталады» дегенді терең түйсінген студенттеріміз білім ордасының аумағындағы жасыл желекке қамқорлық жасады. Олар оқу корпустарының, жатақханалардың тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру, көгалдандыру жұмысын тұрақты жүргізуді дәстүрге айналдырған. Әсіресе университетімізде білім алып жатқан болашақ орманшылар, су мамандары, агрономдар, ландшафт дизайнерлері және т.б. білімгерлер мұндай іске етене айналысқан сәтте барлығының жоғарыда дәрежеде жүргізілетіні анық.
Экологиялық акциямыз ерекше өтті. Біздің студент жастарымыздың қоршаған ортаны таза ұстау бастамасын қолдап, университетімізге арнайы ат басын бұрғандар қатарында «Түрксой» ұйымы Түркі дүниесі Жазушылар Одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет, танымал эстрада жұлдыздары Өктем Алтаев, Жұбаныш Жексенұлы, Мақсат Базарбаев, Асылбек Еңсепов болды. Олар студенттермен бірге тазалық жұмыстарына белсене қатысты.
Жобаның мақсаты - қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарау құндылығынжәне экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қала тұрғындарының күш-жігерін туған қаласын құрметтеуге жұмылдыру. Сол бастама өз нәтижесін берді. Белсенді жастарымыз болашақта туған елін, оның табиғатын, қоршаған ортасын аялайтын, қадірлейтін тұлға болып шығатыны анық.
«Таза Қазақстан - Таза қала - Таза университет» акциясы болашақта да қарқынды түрде жалғасады. Тазалыққа жаны құмар әрбір адам айналадағы экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлесін қоса алады.
Тазалық – адамның рухани мәдениеті мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіштерінің бірі екенін ұмытпайық!
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі