KazNARU-ДА ӘСКЕРИ БОРЫШЫН ӨТЕП, УНИВЕРСИТЕТКЕ ТЕГІН ЖОЛДАМА АЛҒАН САРБАЗДАР ОҚИДЫ
Елімізде әскери борышын өтеп жүрген азаматтарға жоғары білім ордаларына емтихан тапсырмай-ақ тегін оқуға түсу бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл жоба "Срочник 2.0" деп аталады. Биылғы оқу жылында сондай сарбаздар KazNARU-ды таңдаған болатын.
«Мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 1- курс студентімін. 2023 жылы Алматы қаласынан Талдықорған қаласындағы №18404 Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімінде ұжымды жылдам әрекет ету күші батальонында борышымды өтедім. Сол аралықта, яғни әскери қызмет барысында жауынгерлік дайындық, тәртіп, психологиялық жағдайды бағалау және басқа да көрсеткіштер бойынша жоғары көрсеткіштер үшін ұпай жинадым. Қазақстанның кез келген жоғары оқу орнында оқуға мүмкіндік алдым. «Срочник 2.0» бағдарламасы бойынша кез келген жас жігіттерге тегін оқуға түсуге мүмкіндік береді. Маған осындай мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Және де жас жігіттерді отан алдында борышын өтеуге шақырамын», - дейді аталмыш бағдарламамен оқуға түскен жастардың бірі Жамбыл Нұртай.
Бүгінде кез келген сарбаз қызметі аяқталғаннан кейін қосымша білім алуды армандайды. Дегенмен олардың оқуға түсуіне қабылдау емтихандары мен қаржы мәселесі себеп болады. Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әзірлеген "Срочник 2.0" бағдарламасының мүмкіндігін пайдалануға болады.
"СРОЧНИК 2.0" - әскерде қызмет ететін сарбаздар үшін емтихан тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама. Бұл бастама әскери қызметшілерді қабылдау процесін жеңілдету және олардың сапалы білім алуына көмектесу үшін жасалған.
ҚазNARU баспасөз қызметі