ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ – РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ KazNARU-ДА ИНТЕРАКТИВТІ АПТАЛЫҚ ӨТУДЕ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ұлттық мерекені ұлықтау мақсатында ауқымды іс-шаралар тізбегін өткізуде. Биылғы бірінші курс студенттерін қабылдау мерей тойын Республика күнімен орйластырған білім ордасы білімгерлерге егемендіктің, елдіктің, тәуелсіздіктің қадірін сезіндіруге, жүректерінде ұлтқа, мемлекетке, отанға деген патриоттық сезімдерін оятуға бағытталған мерекелі кештерді де жүйелі қамтуға жоспар қойған.
Соның бірі – интерактивті апталық. Университет студенттеріне апталық шарасы аясында ұлттық ойындар форматымен ашық сағаттар өткізілді. Білімгерлер берілген тақырып аясында топқа бөлініп, талап-жігерлерін ой жарыста сынады.
Әрі асық ату, ханталапай, қыз қуу, үш табан сынды ұлттық ойындарға қан жүгіртті. Рух көтеретін өлең-жырлар оқып, көңіл тербетер әсем әндерін шырқады.
Университет қабырғасында ұлттық мерекеге арналған іс-шаралар тізбегі әр факультетте жалғасын табуда.
Республика күні – шын мәнінде ел тәуелсіздігінің бастауы. Дәл осы күні егемендігімізді айшықтайтын басты құжат – декларация қабылданды.
Сондықтан да әрбір ел азаматы атаулы күннің асқақ мейрам екенін естен шығармауы тиіс.
ҚазNARU баспасөз қызметі