KAZNARU ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ «РЕСПУБЛИКА КҮНІН» ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАП ӨТТІ
2024 жылы 24 қазан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері, студент жастар қатысты.
25 қазан – Республика күніне арналған іс-шара универсиететтің Басқарма Төрағасы-Ректоры, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлының құттықтау сөзімен басталды.
«25 қазан – Республика күні халқымызды асқақтатып, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Міне, үшінші жыл қатарынан елімізде Республика күні ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда аталып өтіліп, жұрттың кең қолдауына ие болып келеді. Ұлттық мерекеміз құтты болсын, баршамыздың Әділетті Қазақстан құру жолындағы еңбегіміз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Егемен еліміздің жоғары білім саласында өзіндік орны бар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті бүгінгі күні заман талаптарына сай жаңа бағытта даму үстінде. Соңғы екі жылда атқарылған түбегейлі өзгерістер мен ауқымды жұмыстар нәтижесінде КаzNARU - QS рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда үздік ТОП-5 ЖОО қатарына енгенін атап өтуге болады. Бұл күн – ата-бабамыздың арманы жүзеге асып, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Мереке тағы да құтты болсын! Әрбір шаңыраққа бақ-береке және ырыс тілеймін! Еліміздің мерейі арта берсін, КазНАРУ жасасын!», - деді Ақылбек Күрішбаев.
Елдегі басты және мән-маңызы терең ұлттық мереке атқарылған жұмыстар мен жетістіктерге көз жүгіртіп, сүзгіден өткізе, әрі болашақ жоспарларды жүйелейтін айтулы дата. Шара аясында Ақылбек Күрішбаев университеттегі атқарылған ауқымды істерге де тоқталды. Яғни оқу ордасының базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің филиалы ашылып, бүгінде АҚШ, Еуропа және Тынық мұхиты аймағындағы елдердің жетекші университеттерімен екі дипломдық бағдарламалар сәтті іске асырылып жатқанын айтты.
«Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің деканы Сарсекова Дани Нұрғисайқызы және қазақстандық ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, еңбек сіңірген профессор Омбаев Әбдірахман Молданазарұлы білім мен ғылымға қосқан үлесі үшін Қ.И.Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған құрмет медалімен марапатталды.
Осы мақсатта еліміздің білім және ғылым саласын дамытуға елеулі үлес қосқан және университеттің өркендеуі жолында абыройлы, адал еңбек еткен бірқатар профессор-оқытушылар «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады». Құрметті ұстаздар, Сіздердің күш-жігерлеріңіз бен адал еңбектеріңіздің нәтижесінде жоғары білікті мамандар дайындалады. Сондықтан біз үшін педагогтың беделін үнемі арттырып, олардың өнімді жұмыс істеуі үшін тиісті жағдайлар жасау маңызды. Соңғы екі жылда университеттегі оқытушылардың жалақысы кезең-кезеңімен 120% - ға өсті. Осылайша жалақы деңгейі бойынша біз еліміздің жетекші университеттерінің деңгейіне жеттік. Біз оқытушылар құрамына қажетті жағдай жасауды міндетті түрде алдағы уақытта жалғастырамыз. Берекесі жарасқан біздің ұжымымыздың әрбір мүшесі болашақта да алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды, жаңа белестерді бағындырады деп сенемін. Осылайша әрбір қызметкеріміз, ұстазымыз Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді, университетімізді дамытуға үлес қосатыны сөзсіз, - деді өз құттықтауында Ақылбек Қажығұлұлы.
Шынында, университетіміздің материалдық-техникалық базасы да соңғы жылдары айтарлықтай жақсарды. Оқу-зертханалық ғимараттарында, стадионда және барлық студенттік жатақханаларға күрделі жөндеу жүргізілді, студенттік дүкен және әлеуметтік дәріхана жұмыс істеп тұр. Университет территориясында 450 орындық 9 қабатты заманауи үлгідегі жатақхананың құрылысы қарқынды жүруде.
Кеш көңіл тербетер керемет ән-бимен жалғасын тапты. Университетіміздің талантты студенттерінен құрылған «Қазына», «Univers», «One» топтары өз өнерлерін ортаға салды.
Университет қабырғасында ұлттық мерекені ұлықтауға арналған көп күндік іс-шаралар тізбегі жүйелі ұйымдастырылған болатын. Әр факультетте арнайы егемендіктің, елдіктің, тәуелсіздіктің қадірін сезіндіруге, жүректерінде ұлтқа, мемлекетке, отанға деген патриоттық сезімдерін оятуға бағытталған мерекелі кештер, түрлі рухани, мәдени апталықтар мен челлендждер өтті.
Ал бүгін Республика күніне орай барша оқу ұжымы мен студенттер мемлекеттік әнұранды орындады. Көк туымызды көтеріп, егемен елдің еркін ұрпағы, жастары екенін, елдің болашағы үшін аянбай күш салатынын байқатты.
Бұл айтулы дата – ежелден егемендікті аңсаған бабалар аманатының орындалған күні. Еркін ел атанып, азаттықтың ақ таңына жасалған алғашқы қадам. Себебі 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСРО Жоғарғы кеңесінің шешімімен «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы қабылданды. Бұл жай ғана құжат емес, Қазақстанның тәуелсіздігін, жеке мемлекет екенін айқындайтын тарихи, маңызды құжат.
Республика күні ерекше мәнге ие. Өйткені ол елдің мемлекет құрудағы тарихи қадамының символы болып табылады.
Сондықтан да әрбір ел азаматы атаулы күннің асқақ мейрам екенін естен шығармауы тиіс.
Республика күні құтты болсын!
KazNARU баспасөз қызметі