KazNARU «QS WORLD UNIVERSITY RANKINGS – 2025» МАРАПАТЫНА ИЕ БОЛДЫ
Ақылбек Күрішбаев: "Қазақстанда университеттік ғылымды дамыту – мемлекеттің, ғылым мен білім және бизнестің күш-жігерін талап ететін көп қырлы міндет".
Қазақстанда алғаш рет QS Higher Education Pre-Summit саммиті ұйымдастырылды. Онда ғылым саласындағы басты проблемалар, жаһандық жаңашылдыққа негізделу жолдары, жаңа технология және жетістіктер сараланды. Әсіресе жоғарғы оқу орындарының үздік зерттеу университеттеріне айналу бағдары талқыға түсті. Себебі, бүгінде заман бір орында тұрған жоқ. Жыл өткен сайын ерекше жылдамдықпен даму үстінде. Әрине бұл жолда әлем елдерінің ғылымы да бір-бірімен тығыз байланысқа түсетіні анық. Ал мұндай ғылыми басқосу сол әріптестік байланысты арттырып, ынтымақтастыққа бейімдей түседі.
Іс-шарада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу универсиететінің Басқарма Төрағасы-Ректоры, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы баяндама жасады. Еліміздегі ғылым саласында ақсап тұрған жайттарды тізбектеп, оны дамыту, жаңғырту жолдарына тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен елімізде білім-ғылымды дамыту, қолдау, салмағын арттыру, өндіріспен ұштастыру мақсатына негіз болатын Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Себебі, қазіргі таңда елде ғалымдар аз, кадр жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе аймақтарда бұл мәселе қатты сезіледі. Мысалға Ұлытау облысында ғылыми мамандар Алматыдан 68 есеге аз. Сол сияқты Түркістан, Атырау, Жамбыл облыстарында да осы кадр тапшылығы айқын білініп тұр. Басты себептерінің бірі – ол еліміздегі жоғарғы оқу орындарында бәсекеге қабілетті зерттеушілерді даярлау деңгейінің төмен болуы. 2023 жылы 685 адам докторлық диссертациясын сәтті қорғаған. Бірақ Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, оқу орындарына түскен докторанттардың 12%-і уақытылы қорғаудан өтеді екен. Мұндай төмен көрсеткішке ғылыми инфраструктураның әлсіздігі әсер ететіні айтпаса да түсінікті», - деді Ақылбек Күрішбаев.
Сонымен қатар, Ақылбек Қажығұлұлы баяндамасында ғылыми инфрақұрылымның жетіспеушілігі әлем мемлекеттеріндегі жоғарғы оқу орындарында да бар екенін айта кетті. Ал бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда тек теориялық біліммен ғана шектелуге болмайды. Нақты ізденіске практикамен үйлестіре алатын, мүмкіндігі мол техникалық базамен қамтылған зерттеу орталықтарының да үлкен жол ашатынын ұмытпауымыз керек. Осы тұрғыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті нәтижелі жұмыс көрсетіп отыр.
«KazNARU Қазақстандағы зерттеу университетінің моделіне көшкен алғашқы аграрлық оқу орны. Университет құрамына ауыл шаруашылығы министрлігінің 4 ірі ғылыми-зерттеу институты және 3 тәжірибелік шаруашылығы қосылған. Бұл - әлемдік үрдіс, дамыған елдердің озық тәжірибесі. Мұндағы мақсат - оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу. Тұрақты даму аясында зерттеу жобаларына да ерекше қолдау көрсетіледі. 2024 жылдың өзінде заманауи технологияларды енгізуге 1 млрд.теңгеге жуық шетелдік инвестиция тартылды. Бұл бағытта KazNARU ғалымдары бірқатар бірлескен бастамалармен белсенді жұмыс істеуде. Яғни ақылды ауыл шаруашылығы, жаһандық тренд дәлме-дәл егіншілік жобасы, өнімдерді бақылау блокчейндері, үлкен ақпараттарды сараптау, тағы басқалар. Осы іс-әрекет нәтижесінде унвиерситетіміз QS рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда үздік ТОП-5 ЖОО қатарына енгенін атап өтуге болады», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Сөз соңында Ұлттық Ғылым академиясы университеттермен бірлесе, ғылыми зерттеулерге басымдық беру, ғылыми топтардың жұмысын үйлестіру және ғылым, білім және өндіріс интеграциясын қолдау мақсатында жетекші рөл атқаратынын баса айтты. Әрі QS саммитінің ұйымдастырушыларына осындай мазмұнды, мағыналы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
QS Higher Education Pre-Summit саммиті аясында QS World University Rankings 2025 рейтингінде жеңімпаз атанған жоғарғы оқу орындарын марапаттау салтанаты өтеді. Үздіктер тізімінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті бар.
KazNARU баспасөз қызметі