KazNARU БАЗАСЫНДАҒЫ «ТИАШМИИ» ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫНДА АГРОСЕКТОРҒА ҚАЖЕТ БІЛІКТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАНУДА
Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің қолдауымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында ашылған «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің филиалында жұмыс белсенді жүріп жатыр. Инфрақұрылымы толық жасақталған білім шаңырағында қазірдің өзінде біліктілігін арттырып, білім тереңіне үңілген студенттер артып келеді. Мұндағы оқу зертханалары мен ғылыми орталықтар білім алушыларға толыққанды қызмет көрсетіп тұр.
Еске салайық, KAZNARU базасындағы «ТИАШМИИ» ұлттық зерттеу университетінің филиалы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы желтоқсан айында Ташкентке келген мемлекеттік сапарының, 2023 жылы 3 наурызда Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы мемлекет басшыларының кездесу қорытындылары бойынша қол жеткізілген болатын. Сондай-ақ, екі ЖОО арасындағы 2028 жылға дейін ғылым-білім беру қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен Шартқа қол қойылды.
Осылайша 2023 жылы 14 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне «ТИАШМИИ» ҒЗУ Ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректоры Тохир Сұлтонов келіп, Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаевпен кездесті. Ал 2024 жылдың 14 мамырында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ғылыми зертету университетінің филиалын құру туралы бұйрыққа қол қойды.
Міне, сол үздіксіз атқарылған екі жылғы жұмыстардың нәтижесінде қос дипломды білім бағдарламасы жүйелі жұмыс істеп тұр.
Филиалда мамандар даярлау Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының мемлекеттік білім беру стандарттары негізінде Университет бекіткен оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі. Әрі Қазақстан азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар оқи алады.
Мұнда оқитын адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының басқа білім беру мекемелеріне ауыстырылады.
«ТИАШМИИ» ұлттық зерттеу университетінің филиалында Қазақстан Республикасы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес “В082 Су ресурстары және суды пайдалану”, “М137 Су ресурстары және суды пайдалану” білім беру бағдарламалары топтары бойынша ҚазҰАЗУ-мен бірлесіп әзірленген қос дипломдық бакалавриат және магистратура бағдарламаларын іске асыру негізінде білім беру қызметі жүзеге асады.
Ғалымдар осы келісім негізінде су шаруашылығына қажетті бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды күшейту арқылы Өзбекстан мен Қазақстанның су ресурстарын ұтымды пайдалану, АӨК саласында инновациялық технологияларды әзірлеу, цифрлық экономикаға көшу жағдайында ауыл шаруашылығын жаңа «цифрлық» деңгейге көтеруді жеделдету, Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін нығайту салаларына тың серпін береді деп баға беріп отыр.
KazNARU баспасөз қызметі