Салауатты тағамтану саласы
Қазақ тағамтану академиясы – бұл ғылыми мекеме. Мекеменің негізін қалаушы Т.Ш.Шармановтың басқаруымен Академияның 50 жылдық тарихында тамақтану саласының медициналық-биологиялық мәселелерінің ғылыми зерттеулерін жүзеге асыру мақсатында бірегей база құрылды. КСРО кезеңінде Медицина Ғылым Академиясы Тағамтану институтының Қазақ бөлімшесі болып 1973 жылы Алматы қаласында құрылды. Ал, 1991 жылы Аймақтық тағам проблемаларының институты, 1993 жылы Аймақтық тағам проблемаларының ғылыми орталығына айналды. 2000 жылы ҚР-ның «Тағамтану институты» ЖАҚ, 2002 ж. «Тағамтану академиясы» ЖАҚ болып қайта құрылды.
Академик Төрегелді Шарманұлы Шарманов, қазақстандық гигиенист-нутрициолог ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстанның Еңбек Ері», ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі рет Лауреаты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғарғы Леон Бернард атындағы сыйлығының иегері, Қазақ Тағамтану Академиясының негізін қалаушы, тұрақты президенті, Қазақ медицинасының мақтанышы, әлемдік денсаулық сақтау саласының аңыз адамы.
Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу салдарын зерттеп, адам ағзасында ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады, мешел ауруының даму тарихын ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» атты тағам қоспаларын шығарды.
Қазіргі таңда, бұл бағытпен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Нутрициология» кафедрасы айналысады. Аталмыш кафедраның өзекті мәселесі – тағамтану ғылымы саласындағы білікті мамандар даярлау, сонымен қатар, ағарту жұмыстарын жүргізу. Кафедра 1994 жылы университеттің емдеу, педиатриялық, медициналық-профилактикалық факультеттерінің студенттерін дайындау мақсатында, медициналық ЖОО-да ұйымдастырылған посткеңестік кеңістіктегі алғашқы және жалғыз кафедра болып табылады.
«Нутрициология» кафедрасы құрылуының 30 жылдығына орай, оның негізін қалаушы академик Т.Ш.Шармановты еске алу мақсатында, сонымен қатар, тағамтану саласын одан әрі дамыту барысында ҚазҰАЗУ-нің студенттерімен кездесу 2024 жылы, 12-қараша айында, ғимараттың Қазақ тағамтану академиясының мәжіліс залында өткізілді.
Аталмыш кездесуге шақырғаны үшін, Қазақ Тағамтану Академиясы, Академик Т. Шарманов атындағы «Нутрициология» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор М.С.Қайнарбаева, аға оқытушы А.Н.Кожахметова және де кафедраның белсенді студенттеріне алғысымызды білдіреміз! Алдағы уақытта, бірлесе жұмыс атқарамыз деген ниеттеміз!