KazNARU-да ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Студенттік қызық мол жылдар» тақырыбымен Халықаралық студенттер күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті.
KazNARU басшылығы атынан құттықтау сөз сөйлеген Басқарма Төрағасы - Ректордың Бірінші орынбасары, Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы студенттердің мемлекет қамқорлығындағы өте бақытты жандар екенін, жалындаған жастық шағын тек оқуға арнайтынын, сәні мен салтанаты, мәні мен мағынасы мол студенттік өмірді бағалай білуі қажет екенін алға тартты. Әрі білім мен ғылым ізденісінде қанаттары талмай, тек алға ұмтылу керегін, талап-жігермен еңбектену қажетіне тоқталды.
Сондай-ақ, Пірімқұл Шолпанқұлұлы оқу ордасының өз тарапынан студенттердің алаңсыз білім алуына, жақсы оқуына барлық әлеуметтік жағдайды жасап отырғанын баса айтты. Сол мүмкіндікке мән беріп, жан-жақты, терең білім алып, университетіміздің абыройын асқақата беруге тілекшіміз деп сөзін қорытындылады.
Халықаралық студенттер күніне арналған мерекелік іс-шара барысында университеттің белсенді студенттері марапатталды. Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Күмбірлеген домбырадан күй төгіліп, гитарамен жастық шақтың әндері айтылып, жүрек тербер сыршыл жырлар оқылды.
Шынында, әр адамның жадында ерекше естеліктерімен жатталып, көңіл төрінде қатталатын студенттік кезең ешқашан ұмытылмайды. Ал осы қызығы мен шыжығы, мәні мен мағынасы мол студенттік кезеңдегі айтулы мерекенің де өзіндік тарихы бар.
Ашық дерекке сүйенсек, бұл даталы күн – Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде өздерінің бостандығы мен азаттығы үшін алысқан Чехословакия студентттерінің бас көтеруінен бастау алады. Өкінішке орай, 1939 жылғы 17 қарашада гестапошылар қаладағы студенттік жатақханаларды қоршауға алып, жалынды белсенді жастарды ұстап, Заксенхаузендегі концлагерьлерге қамайды. Фашистердің бұйрығымен Чехиядағы барлық жоғары оқу орындары соғыс аяқталғанға дейін жабық тұрады.
Міне, осы тарихи оқиғаға байланысты, 1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен Бүкіләлемдік студенттер Конгресінде чехиялық студент -патриоттардың құрметіне Халықаралық студенттер күні белгіленді. Содан бері әлемнің барлық елінде бұл күн кең көлемде атап өтіліп келеді.
KazNARU Баспасөз қызметі