ЖАС СӘТБАЕВШЫЛАР: КӨРМЕДЕ АРАМШӨППЕН КҮРЕСЕТІН ҚҰРЫЛҒЫ ҚЫЗМЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
almaty.tv
Биыл Алматыда тұңғыш рет жас ғалымдар конгресі өткізіліп жатыр. Екі күнге жоспарланған жиын Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы, геолог-минеролог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маңызды басқосуға келгендер экология, қоршаған орта және табиғатты тиімді пайдалану, энергетика, елдің зияткерлік әлеуеті, агроөнеркәсіпті дамыту сынды бірнеше тақырыпты талдады. Ал жас ғалымдар арасындағы байланысты нығайтуға, ғылыми алаң құрып, пікір алмасуға бағытталған іс-шарада зерттеушілерге жұмыс берушілермен байланыс орнатуға да мүмкіндік беріліп отыр.
"Статистика бойынша Қазақстанда ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орташа есеппен 57 жасқа келген, ал 15 пайызы зейнетке шыққан. Сондықтан Мемлекет басшымыздың саясатына сәйкес, жас ғалымдарды ғылымға тартуымыз керек. Бұл өте маңызды", – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев.
"Экономикамызды дамыту үшін, ұлттың рухани әл-ауқатын арттыру үшін әлемдік деңгейде қарқынды ғылыммен айналысуымыз керек. Ғылыммен айналысу үшін көп қаржы бөлінуі керек", – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Дөрбетхан Сұраған.
"Жас Сәтбаевшылар" конгресіне шет мемлекеттерде табысты қызмет атқарып жүрген зерттеушілер, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары да қатысып жатыр. Сондай-ақ іс-шара аясында жас ғалымдардың әзірлеген заманауи, инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Оның қатарында егін алқабындағы зиянкестердің санын азайтуға көмектесетін "Биодроп" аталатын дрон және өсімдік тұқымын қорғауға, оны сауықтырып қолдануға бағытталған, сол арқылы фермерлердің 30 пайызға артық қосымша үстеме өнім алуына көмек беретін бастамалар да бар. Тіпті көрмеде арамшөппен күресетін құрылғылардың да қызметі таныстырылды.
"Бұл агрегат ауыл шаруашылығы тракторына тіркеледі. Агрегаттың үш жерде пласкорезы бар. Құрылғыға гербицид енгізіп, жатаған у кекіремен күресуге мүмкіндік туады", – деді Фитопатология зертханасының меңгерушісі Жансая Өмірәлиева.